Оның айтуынша, сын конструктивті болуы керек. Егер біреу нақты қателік жіберсе, орынды сын айтылады. Одан бөлек, жабық жиындар да өтеді.
– Сын айтылады, ал дауыс көтеріп, қатты айту – басқарудың тиімді әдісі емес. Үкімет мүшелері, өңір әкімдері де үлкен мектептен өткен, жауапкершілігі жоғары адамдар. Егер адам өз ісіне зор жауапкершілікпен қараса, оның ісін біреу емес, өзі жақсы бақылай алады. Ал егер басшы қойылған міндеттерді орындай алмаса, жұмыс жүктемесін көтере алмаса, онда ол басшы болудан қалады. Айғайлап, жұрттың көзінше сөгіс жариялағаннан нәтиже шығады деп ойламаймын.
Жалпы, менің ойымша, Үкімет құрамы жұмыс істеуге қабілетті, Президенттің тапсырмаларын орындап жатыр. Әрине, мәселе жоқ емес, бірақ, мәселені мүмкіндігінше шешуге тырысамыз, – деді Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Жалпы бүгінгі Үкімет отырысында Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевты сынға алып, тапсырма берді.
Бұдан өзге отандық туризмді дамыту саласында кемшіліктер барын мойындап, жыл сайын "демалыс маусымына толық дайынбыз" деген есеп берілетінін айтты.