Өзбекстан сенаторлары халықаралық және қалааралық тасымалдар кезінде еңбек тәртібін бұзғаны үшін жүргізушілерге айыппұл салуды көздейтін заңды мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
2024 жылы теміржол және метро көлігінде қауіпсіздік ережелерінің өрескел бұзылуына қатысты 130 жағдай тіркелген. Келтірілген шығын көлемі 4 млрд сумнан асқан. Реттелмейтін теміржол өткелдерінде пойыздар мен автокөліктердің қатысуымен 38 жол апаты болып, салдарынан 11 адам көз жұмды.
Енді жолаушыларды, жүк пен багажды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге әкімшілік жаза енгізілді. Бұл жағдай кезінде айыппұл 10 базалық есептік көрсеткішке (4,12 млн сум) дейін барады.
400 шақырымнан астам қашықтыққа жолаушылар мен жүкті тасымалдайтын немесе жұмыс уақыты 9 сағаттан асқан жүргізушілерді көліктік бақылау инспекциясы тексереді.
Еңбек және тынығу режимін бұзған жүргізушілерге 7 базалық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Былтыр Өзбекстанда 9 364 жол апаты тіркелген. Оның ішінде 3 045 жағдай жүк және жолаушылар тасымалдайтын көлік құралдарының қатысуымен болған.