"Денсаулығы сыр берді": Нұрай Серікбай ісіндегі алғашқы сот отырысы кейінге қалды

Оған айыпталушының денсаулық жағдайы себеп болған.  

"Денсаулығы сыр берді": Нұрай Серікбай ісіндегі алғашқы сот отырысы кейінге қалды Фото: otyrar.kz

Осылайша, қаршадай қыздың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы алдын ала сот отырысы өтпей қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шымкентте басталған сот процесінде істі судья Саммидин Теміралиев қарап жатыр.

Сот отырысы барысында айыпталушы Шерхан Аймаханның қорғаушысы оның денсаулығының нашарлағанын айтып, істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұрады.

Өз кезегінде марқұм Нұрай Серікбайдың отбасының адвокаты Аянхан Омаров сот отырысын барынша ашық өткізуді ұсынып, процесті БАҚ-та тікелей эфирде көрсетуді сұрады. Оның сөзінше, бұл іс – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында. Сондай-ақ, аталған мәселеге қатысты Ұлттық құрылтайдың атына 100-ден астам өтініш жолданғанын да еске салды.

Тараптардың уәжін тыңдаған судья кеңесу бөлмесіне шықпастан бұрын сот отырысын кейінге қалдыру туралы шешім шығарды.

Жаза кетейік, Нұрай Серікбай 2026 жылдың 11 қаңтарында Шымкентте көз жұмған. Марқұмның туыстары оқиғаға дейін күдікті оны күштеп некеге тұрғызу мақсатында алып қашқанын мәлімдеген еді. Десе де, сол кезде бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелмеген.

Кейін қоғамда кең талқыланған оқиғадан соң Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы, оның бірінші орынбасары және бірқатар қызметкер лауазымынан босатылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу