Мемлекеттік қызметші күніне орай Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінде ведомствоның үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Тимур Сұлтанғазиев пен аппарат басшысы Болат Төкежанов әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар қызметкерлердің жоғары кәсіби біліктілігін, жауапкершілігі мен адал еңбегін атап өтті.
Іс-шара барысында "Денсаулық сақтау ісінің үздігі", "Денсаулық сақтауды дамытуға қосқан үлесі үшін", "Мемлекеттік қызмет ардагері" және "Үздік мемлекеттік қызметші" төсбелгілері табысталды.
Сонымен қатар бірқатар қызметкерлер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Болат Төкежанов мемлекеттік қызметтің маңыздылығын атап өтіп, министрлік мамандарының еңбегі денсаулық сақтау саласындағы реформаларды іске асыруға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ықпал етіп отырғанын жеткізді.