Павлодар облысында депозитке шетел валютасымен салатын жеке тұлғалардың қатары 8,9 пайызға төмендеген, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Қазақстан Ұлттық Банкі Павлодар филиалы мамандарының хабарлауынша, 2017 жылдың маусым айындағы көрсеткіш бойынша, жеке тұлғалардың теңгемен салған депозит көлемі 19,4 пайызға артып, 136 116,8 млн теңгеге жеткен. Ал, керісінше депозиттің шетел валюталық түрі 8,9 пайызға төмендеп, 93 227,5 млн. теңгені құрады.
"Салымдардың негізгі үлесі яғни, 99 пайызы мерзімді депозиттерге жатады. Мерзімді депозиттер көлемі 2017 жылдың басынан бастап, маусымның аяғына дейін 9,9 пайызға артып, 302 220,8 млн. тенгеге жеткен. Мерзімді депозитке салынған ақшаның 54,7 пайызы ұлттық валютада салынған болса, 44,5 пайызы шетел валютасымен салынған", - дейді мамандар.
Маманның сөзінше 2017 жылдың маусым айының аяғына дейін банктерден жалпы көлемі 291 213,9 млн теңге несие берілген. Бұл жыл басынан бері 0,5 пайызға немесе 1 474,3 млн. теңгеге ұлғайғаны. Ұзақ мерзімді несиелердің көлемі 1,6 пайызға яғни, 4 123,8 млн. теңгеге көбейген. Ал, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 8,2 пайызға яғни, 2 649,5 млн. теңгеге азайып, 29 824,8 миллионды құрады. Шағын бизнес үшін берілетін банктердің несиелері жылдың басынан бері өзгермеген.