Депозитке салық салынады

421

Қымбат көлігі мен бірнеше үйі барларға да салық мөлшерін көбейту көзделіп отыр.

Депозитке салық салынады Фото: © t-l.ru

Қазақстанда 40-50 миллион теңгеден асатын депозиттерге салық салынады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі мәлімдеген болатын. Бұдан бөлек, жылдық табысы көп адамдарға да жеке табыс салығы ұлғайтылады. Жаңашылдық бүгін-ертең енгізілейін деп жатқан жоқ. Әлі талқылау үстінде.

Байларға салықты көбейтіп, кедейлерді азайту. Бұл біраз жылдан бері көтеріліп келе жатқан бастама. Тіпті, билік партиясының сайлау алды бағдарламасында болған міндеттердің бірі. Дегенмен, әзірге, нақты құжат жоқ. Жаңа "Салық кодексі" биыл жыл соңына дейін Мәжіліске енгізіледі. Бір жыл талқыланып барып, 2025 жылы қолданысқа беріледі. Әуелгі бастама белгілі. Байларды бір де бір салықтан жалтартпай, әр тиыны үшін мемлекетпен бөлісіп отыруға міндеттеу. 

"Жылына 40-50 млн теңге табатын жеке тұлғалар үшін прогрессивті табыс салығын енгізу жоспарда бар, сондай-ақ пассивті табыс үшін де мұндай өзгешелік енгізу көзделіп отыр. Ол депозиттер мен құнды қағаздарға инвестиция салуға да. Тағы да атап өтейін, бұл тек 40-50 млн теңге табысы барларға ғана қатысты болмақ", – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Бұдан бөлек, қымбат көлігі мен бірнеше үйі барларға да салық мөлшерін көбейту көзделіп отыр. Әзірге, оның қалай есептелетіні белгісіз. Бұған дейін жылжымайтын мүлік үшін салықты әр шаршы метрінен есептеп шығару керек деген ұсыныс айтылған. Ал депутаттар ең төменгі жалақы алатын азаматтарды жеке табыс салығынан босату туралы ұсыныс та айтып отыр. Оның жүзеге асу-аспауы да бірталай. 

"Жаңа "Салық кодексінің" негізгі принципі  бұл бүкіл ақша айналымы, бәрі де реттелуі керек. Бізге көлеңкедегі қаражатты сыртқа шығарып, салық арқылы реттеп, жалпы салықтардың санын азайтып, бірақ бюджетке түскен қаражатты көбейту. Он, жиырма, елу пәтері бар адамдар бар. Сол артық пәтерлерді нарыққа шығару. Тек салық арқылы", – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Әбіл.

Ал банк саласының жілігін шағып, майын ішкен мамандар депозитке салынатын салықтың дұрыс еместігін айтты. Билік мұндай қадамға барса, миллиондардан құралған депозиттердің саны бірден кемиді-мыс. 

"Жалпы Қазақстан экономикасы үшін де, банк секторы үшін де бұл ешқандай оң нәтиже бермейді.  Депозиттерге жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да қаражат салады. Шағын және орта бизнес нысандары да бар. Жылдық табысыңыз 40 миллионнан жоғары болса, сіз қосымша жеке табыс салығын төлейсіз. Осы жерде заңды сұрақ туындайды, банктер клиент тартуға тырысады, өйткені банктер депозиттегі қаражатпен несие береді. Ал қосымша жеке табыс салығы салынатын білген азамат қаражатын депозитке сала ма?", – дейді  Банк саласындағы тәуелсіз сарапшы Нұржан Биякаев.

Депутаттар мұндай өзгешелік банк саласына әсер етпейді, ал байлар миллиардтаған қаражатын жастыққа басып жатпайды, банкке айналымға салуға мәжбүр болады, деген пікірде. Әзірге, келешекте қабылданбақ жаңа құжат салық жүйесін ретке келтіре ала ма, жоқ па оны да дөп басып айту қиын. Өйткені, бір тиынын да біреуге бергісі жоқ байлар өз мүліктерін өзгенің атына жазып, одан да басқа қитұрқы әрекетке барып, салықтан жалтарып кетуі әбден мүмкін, дейді сарапшылар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу