Депутат 20 жыл бойы өзгермеген өтемақыны көтеруді ұсынды

135

Сарапшылар қан тапсырған күні донор кемі 5 мың килокалория алуы тиіс екенін айтады. 

Депутат 20 жыл бойы өзгермеген өтемақыны көтеруді ұсынды Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден қан донорларына төленетін өтемақыны арттыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Қазіргі таңда донорға төленетін өтемақы 0,25 АЕК-ке тең, яғни небәрі 983 теңге. Бұл мөлшер осыдан 20 жыл бұрын белгіленген және бірде-бір рет қайта қаралмаған. Қазақ тағамтану академиясының ұсынымдарына сәйкес, қан тапсырған күні донор кемі 5 мың килокалория алуы тиіс. Мұндай тағамның нақты құны 5 мың теңгеден асады, яғни шамамен 1,25 АЕК. Егер өтемақы ағзаның физиологиялық қажеттіліктерін өтемесе, донорға қамқорлық жасалып жатыр деп айтуға бола ма деген сұрақ туындайды", – деді депутат.

Осы мәселеге байланысты Қарақат Әбден бірқатар ұсыныс тастады. 

"Біріншіден, қан донорларына берілетін ақшалай өтемақыны республикалық бюджет есебінен 0,25 АЕК-тен 1-1,25 АЕК-ке дейін арттыру. Екіншіден, Астана мен Алматы қалаларының жергілікті бюджеттері есебінен тромбоцит донорларына жыл сайын қосымша ынталандыруды қарастыру. Үшіншіден, тиісті әлеуметтік жеңілдіктерімен бірге "Құрметті донор" мәртебесін қайта енгізу қажет. Төртіншіден, жергілікті атқарушы органдарға донорлықты дамыту жөніндегі жыл сайынғы жоспарларды бекітуді тапсыру керек. Бесіншіден, корпоративтік донорлық тетіктерін әзірлеп, бизнес, еріктілер және қоғамдық ұйымдардың қатысуын күшейту қажет", – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу