Депутат Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қорғау тетіктерін күшейтуді ұсынды

314

Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атына сауал жолдады.

Депутат Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қорғау тетіктерін күшейтуді ұсынды Фото: t.me/quryltairesmi

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес күшейтіліп, қауіптің алдын алатын "Электрондық қорғаныс аймағы" пилоттық жобасы іске қосылуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтілді, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда. Кейінгі бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан мерт болды.

23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді. Осы орайда "қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді?" деген маңызды сұрақ туындайды. Оған қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бізде бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қауіпті дер кезінде анықтау және адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау, – деді Айжан Аймағанова.

Халық қалаулысының айтуынша, бұл мәселені шешу үшін нөлден бастап қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ.

Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері бұрыннан бар. Мұндай тиімді тәжірибе шетелдерде, атап айтқанда Францияда сәтті қолданылып жүр.

– Осыған байланысты тиісті ұсыныстарды жарияламақпын. Біріншіден, Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде "Электронды қорғаныс аймағы" пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс. Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен кезде, полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет. Үшіншіден, әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуға қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді, – деді депутат.

Депутаттың пікірінше, "Заң мен тәртіп" қағидатын жүзеге асыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдаланып, қауіпті жағдайларды уақытылы анықтап, оның алдын алу шарт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу