Депутат әлеуметтік нысандардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеруді ұсынды

270

Бірқатар ұсыныс айтылды.

Депутат әлеуметтік нысандардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеруді ұсынды Фото: Бейнежазбадан

Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева азаматтардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бәрімізге мәлім, 11 қазан қазақстандықтар "Яндекс" компаниясының кейбір қызметтеріне қол жеткізе алмады. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымдағы ақаумен түсіндірді. Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдегенімен, кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді", – делінген депутаттық сауалды.

Келесі мәселе – азаматтардың жеке деректерінің ашық жариялануы. 

Ләззат Жылқыбаеваның мәліметінше, жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал, Семей қаласында қызметкерлермен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған. 

Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған, дейді депутат.

"Сонымен қатар, әрқайсымыз мемлекеттік қызмет алғанда, банкке жүгінгенде, емханаға тіркелгенде, баламызды мектепке орналастырғанда өзіміз туралы мәліметтерді тапсырамыз. Бірақ одан кейін не болады? Деректерімізді кім қарайды? Қандай мақсатта пайдаланады? Біз мұны қалай бақылай аламыз? Әсіресе, балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін", – деп атап өтті ол.

Құрылтай депутаты осыған байланысты бірқатар ұсыныс айтты.

"Біріншіден, 11 қазандағы жағдайға байланысты дербес деректердің трансшекаралық берілу-берілмеу заңдылығын тексеру қажет. Екіншіден, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинау заңдылығын тексеру қажет. Үшіншіден, осы жылы маусымда заңнамаға жалпыға қолжетімді көздерде жариялауға жатпайтын дербес деректерді бүркемелеу әдістерін қолдану талаптары енгізілді. Алайда жоғарыда айтылған фактілер осы талаптардың сақталуын тексеру қажеттігін көрсетті. Төртіншіден, осы саладағы мамандардың біліктілігін арттырып, жергілікті атқарушы органдардың тексеру жүргізуіне арналған бірыңғай әдістеме әзірлеу қажет. Бесіншіден, дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру тетіктерінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет", – делінген депутаттық сауалда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу