Депутат Алматыдағы көліктердің заңсыз жарысын қатаң сынады

Кеше қалада 3 адамның өліміне әкелген жантүршігерлік жол апаты тіркелген еді.   

Депутат Алматыдағы көліктердің заңсыз жарысын қатаң сынады Фото: baq.kz

Соған байланысты депутат Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылына арнайы барып, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке үндеу жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Халық қалаулысы тікелей эфир арқылы Алматыдағы заңсыз көше жарыстары мәселесіне жауаптылардың назар аудартуға тырысқан.

Оның айтуынша, аталған жарыстарға адамдар тұрақты қатысып жүр әрі олардың жауапкершіліктен жалтарып кету ықтималдығы жоғары.

– Бұл – төрт бірдей кінәсіз адамның өмірін қиған апат. Мұны көлікті ойыншыққа айналдырған адамдардың іс-әрекетінің салдары деуге болады. Мен бүгін іссапармен Алматыға келіп, бұл заңсыздықтың әлі де жалғасып жатқанын көрдім, – деді депутат.

Ол бұл қайғылы жағдайдың кездейсоқ емес екенін алға тартты. 

– Алматы тұрғындарының көбі біледі кешке қарай әл-Фараби даңғылы заңсыз жарыс өтетін орынға айналады. Бұл – қоғам үшін өте қауіпті. Камералар бар. Қандай көліктер, кімдер қатысатыны да белгілі. Бірақ ешкім тоқтатпайды. Көліктер тәркіленбейді, жүргізушілер жазаланбайды, – деп ашынады Мұрат Әбенов.

Депутат кеше ғана тіркелген ірі жол-көлік оқиғасына қатысты күдіктінің әлі күнге дейін қамауға алынбағанын жеткізді. Сондай-ақ, заңның бәріне бірдей қолданылуы керек екенін айтты. 

– Қарапайым адам аз ғана алкоголь ішсе, бірден 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал саналы түрде 200 шақырым/сағат жылдамдықпен қала ішінде жарыс ұйымдастырып, адам өміріне қауіп төндіргендерге еш шара қолданылмайды. Бұл – әділетсіздік. Әл-Фараби даңғылы түнде заңсыз жарыс алаңына айналады. Бұл – болашақтағы жаңа қайғылы оқиғалардың бастамасы. Заң болуы керек және ол бәріне бірдей қолданылуы тиіс, – деді депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу