Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин өзінің депутаттық сауалында Ұлытау облысының көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесін көтерді. Ол Ұлытау – Қорғалжын – Астана автокөлік жолын салуды ұсынып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, Ұлытау өңірі ұзақ уақыт бойы көлік қолжетімділігінің шектеулі жағдайында қалып отыр. Бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеп, халықтың өмір сүру сапасын төмендетеді.
"Қолданыстағы Жезқазған – Қарағанды – Астана автокөлік жолы едәуір ұзақ қашықтығымен, әсіресе Жезқазған мен Қарағанды аралығы жол үсті төсеніш қабатының әбден тозуы және транзиттік өткізу мүмкіндігінің шектеулігімен сипатталады, бұл жол жүру уақытын ұзартып, көлік-логистикалық шығындарды арттырады. Аталған әлеуметтік маңызы зор мәселенің шешімін халық та, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де күтуде. Ұлытау облысының әкімдігі тарапынан Ұлытау – Шұбаркөл – Баршын – Қорғалжын – Астана бағыты бойынша тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленгені туралы ақпарат бар", – деді депутат Асылбек Нұралин.
Мәжілісмен осы көлік дәлізін іске асыру Астанадан Ұлытауға дейінгі жол қашықтығын шамамен екі есеге қысқартуға (860 км орнына шамамен 450 км), көлік және логистикалық шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді деген пікірде.
"Ұсынылып отырған бағыт тек инфрақұрылымдық қана емес, кешенді әлеуметтік-экономикалық маңызға да ие. Өңір тұрғындары үшін жобаны іске асыру халықтың еркін, әрі ыңғайлы қатынауын қамтамасыз етеді; жергілікті тауар өндірушілер үшін сауда-саттық мүмкіндіктерін кеңейтеді, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын арттыруға ықпал етеді. (...) Жобалық есептеулерге сәйкес, жылына 50 мыңнан астам туристер санын ұлғайту, сондай-ақ жалпы халқы шамамен 30 мыңнан астам адам болатын жол бойына жақын орналасқан 28 елді мекеннің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жоспарланған", – деп атап өтті ол.
Депутат Асылбек Нұралиннің пікірінше, Астана – Қорғалжын – Ұлытау автомобиль жолы дәлізін іске асыру экономиканы әртараптандырудың маңызды құралына айналады.