Әсіресе Атырау – Орал тас жолының тозығы жеткен. Алғашында 4 жолақты автокөлік жолы салынады дегенмен, кейін күрделі жөндеу жүргізілетіні мәлім болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаевпен кездескен атыраулық журналистер өңірдегі өзекті мәселелерді ортаға салды.
Жиында Атырау – Орал, Атырау – Ақтөбе бағытында тұрақты әуе рейстерін ашу туралы ұсыныс айтылды. Бұл бастама жолаушылардың қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, аймақаралық байланысты нығайтуға да серпін бермек. Бұдан бөлек өңір экологиясы туралы да сөз қозғалды.
Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев көтерілген мәселелер мен ұсыныстардың ескерілетінін айтып, тиісті мемлекеттік органдарға сауал жолдайтынын жеткізді.
Депутаттың айтуынша, Атырау мен Орал қалаларының ортасында темір жол жоқ. Көлік жолы бүгінгі күні ауа-райына байланысты бір күні жабылса, бір күні ашылады. Ашылған күннің өзінде де жол сапасын өздеріңіз білесіздер. Сондықтан бүгінгі күні ол проблема шешілгенше, әуе қатынасын ашыңыздар деген мен хат жазып кеткенмін кетерде. Келгесін жауабына байланысты әрі қарай жұмыстарды қараймыз.