Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв елдегі кәсіби мерекелерге қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазір елімізде 74 кәсіби мереке бар. Олардың 20 пайызы нақты мамандықтарға емес, жекелеген мемлекеттік органдарға арналған. Салдарынан кәсіби мерекенің бастапқы мәні біртіндеп жойылып барады. (...) Сондай-ақ мерекелердің бөлінуі де біркелкі емес. Қазан айының өзінде 15 кәсіби мереке бар, яғни іс жүзінде екі күнде бір мерекеден келеді. Мысалы, қазанда білім беру саласы қызметкерлері үшін үш бірдей дата көзделген: Жоғары білім беру қызметкерлері күні, Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні және Мұғалімдер күні", – деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы мәселеге байланысты Сергея Пономарёв бірқатар ұсыныс тастады.
"Үкіметтен нақты бір салалардың басымдығына негізделген кәсіби мерекелерді белгілеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Екіншіден, қолданыстағы кәсіби мерекелер тізбесін қайта қарап, бір сала аясында қайталанатын, ведомстволық және бейінді мерекелерді біріктіру қажет. Үшіншіден, кәсіби мерекелер тізбесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен емес, Үкімет қаулысымен бекітіп, оны кемінде екі жылда бір рет міндетті түрде жаңартып отыру сұралады", – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.