Депутат еліміздегі орман қорына қатысты мәселе көтерді

346

Еліміздегі аумақтың 5 пайызын орман алып жатыр. 

Депутат еліміздегі орман қорына қатысты мәселе көтерді Фото: standret

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Абай, Қостанай облыстарындағы орман қорына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Халық қалаулысы Қазақстанның орман-тоғайы мардымсыз елдер қатарына жататынын атап өтті. 

"Орманның көлемі 5 пайыз ғана белгілі. Біз елдегі орман қорын аялап, сақтап, оның қорын молайтуымыз керек. Біздегі жағдай керісінше болып отыр. Өткен жылдары Қостанай облысында және Семей ормандарында алапат өрт болған кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке нақты тапсырмалар берген еді. Осыған орай менде сұрақ бар. Бүгінде орман қорын қалпына келтіру мәселесінде Абай және Қостанай облыстарында қандай нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр? Орман қорын толық қалпына келтірудің таяу болашақтағы мүмкіндігі қандай? Семей ормандарында болған алапат өрттің шығыны толық анықталды ма? Әлеуметтік желілерде осы болған өрттерге сыртқы қастандықтың әсері бар деген қауесет тарады. Осы ақпарат тексерілді ме?", - деді депутат.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың сөзінше, Абай облысындағы "Семей орманы" бойынша 2023 жылғы қазан айында штаб құрылған.

"Штабтың аясында үлкен жол картасы жасалды. 63,5 мың гектар жердегі 6 млн ағашты қалай игереміз деген мәселе бар. Бүгінгі мақсат соның бәрін кесіп алып тастап, жаңа орман отырғызу. Өрттің себебіне келсек, Үкімет комиссиясы өз жұмысында оны белгіледі. Найзағай тиген ағаш тұр, сол жердегі өрттің басты себебіне найзағай жатады", - деп қысқа қайырды ведомство басшысы.

Бұдан бөлек министр өрттің үдеуіне қатты жел де әсер еткенін айтты.

Айта кету керек, осыған дейін Абай облысында өртенген орман ағашының шамамен 80%-ы отынға жарайтынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу