Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 мың теңгеден кем болмауы керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"Ресми деректерге сүйенсек, 2015 жылы кедейлік деңгейі 2,7% болса, қазір бұл көрсеткіш 5,1%-ға жеткен. Бұл статистикаға бірнеше тауығы немесе қойы бар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кірмейді. Тұтынушылық несие көлемі артып жатыр. Адамдар теледидарды емес, нан мен сүтті қарызға алады. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын төмендету саясаты формалды түрде іске асуда. Супермаркеттердегі тауарлар бәріне қолжетімді, алайда шын мұқтаж жандар үшін тиімсіз. Салдарынан қаражат жұмсалғанымен, нақты қолдау мардымсыз болып отыр", – деді депутат.
Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын арзандату саясатын түбегейлі қайта қарау қажет.
"Қазір негізгі 29 өнімнің бағасы арзандатылды. Тиісті жеңілдіктер ұсынылатын супермаркеттерге кез келген адам кіре алады. Десек те, нарықтық шарттарды енгізуге тырысып жатқанымызды ескеретін болсақ, іс жүзінде бағаны ұстап тұру мүмкін болмай отыр. Нәтижесінде шын мұқтаж адамдар қолдауды ала алмай келеді. Біз ең төменгі әлеуметтік стандарттарды қайта қарау мәселесін бірнеше рет көтерген болатынбыз. Ең төменгі күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы мен тұтыну себеті нақты қажеттіліктерге сай болуы тиіс. Біз еліміз бойынша бағаларға ай сайын мониторинг жүргіземіз. Біздің есептеуіміз бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі кем дегенде 115 мың теңге болуы қажет", – деді Асхат Рахимжанов.