Қолданыстағы заңнамада тұрғын үйден шығару мәселесіне қатысты нақты конституциялық норма жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат қолданыстағы заңнамада тұрғын үйден шығару мәселесіне қатысты нақты конституциялық норма жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, бұл азаматтар үшін нақты тәуекелдер қалыптастыруы мүмкін.
"Тұрғын үйден айыруға сот шешімімен ғана жол беріледі. Үйге кіру немесе тінту де заңда көзделген нақты жағдайларда ғана мүмкін. Алайда құқық қолдану тәжірибесі тұрғын үйден айыру мен тұрғын үйден шығару ұғымдарының құқықтық салдары әрдайым бірдей еместігін көрсетіп отыр. Конституцияда сот шешімінсіз тұрғын үйден шығаруға жол берілмейтіні туралы тікелей норманың болмауы азаматтардың құқықтарына қауіп төндіреді. Осыған байланысты тұрғын үйден шығару да тұрғын үйден айыру сияқты тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс деген қағидатты Конституция деңгейінде бекіту принциптік маңызға ие", – деді Айдарбек Қожаназаров.
Мәжіліс депутатының сөзінше, қолданыстағы Ата заңдағы "меншік міндет жүктейді және оны пайдалану қоғамдық игілікке қызмет етуі тиіс" деген норма жалпылама сипатқа ие. Айдарбек Қожаназаров баршаға түсінікті әрі нақты норманы бекіту қажет деген пікірде.
"Меншік иесінің мүлкін пайдалану қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделеріне қайшы келмеуі, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және өзге адамдардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін шектемеуі тиіс екені анық көрсетілуі қажет", – деді халық қалаулысы.