Депутат мұғалімдер мен директорлардың басты қорқынышын ашық жеткізді

556

Халық қалаулысы өзінің алаңдаушылығын айтты.  

Депутат мұғалімдер мен директорлардың басты қорқынышын ашық жеткізді Фото: magnolia.kz

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов оқушылар жасаған құқық бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгін біз аса маңызды және өткір мәселені көтеруге мәжбүрміз. Соңғы уақытта еліміздің түрлі өңірлерінде мектеп оқушыларының мектеп аумағынан тыс, сабақтан тыс уақытта, демалыс, каникул кезінде жасаған құқықбұзушылықтары үшін мектеп директорлары мен оқу бөлімінің меңгерушілерін тәртіптік жазаға тарту немесе жұмыстан шығару жағдайлары көбейіп барады. Біз бұл үрдісті өте алаңдатарлық деп санаймыз. Өйткені, мектеп басшылығы тек оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға жауапты екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал сабақтан тыс уақытта немесе демалыс кезеңінде болған оқиғалар үшін оларды жазалау – әділетсіздік", – деді депутат.

Оның айтуынша, бұл мәселе әсіресе ауылдық елді мекендерде ушығып тұр. Бүгінде ауыл мектептерінде директор және оқу бөлімінің меңгерушісі лауазымдарына үміткерлер табу қиын. 

"Ертең мен де жұмыстан шығып қалам ба? Негізсіз жауапкершілікке тартылам ба?" деген қорқыныш мұғалімдер мен басшылардың арасында күнделікті қалыпты жағдайға айналды. Біздің көтеріп отырған мәселеміз – тек кадр мәселесі емес, бұл – ауыл мектебінің тағдыры туралы мәселе. Егер ауыл мектебінде білікті басшы болмаса, онда ауыл балаларының болашағына да қауіп төнеді деген сөз", – деп атап өтті Ерболат Саурықов өзінің депутаттық сауалында.

Жалпы, мектеп директорлары мен меңгерушілерді мектептен тыс уақытта, демалыс немесе каникул кезіндегі оқиғалар үшін жұмыстан босату – заңға да, логикаға да қайшы келеді, дейді мәжілісмен.

Депутат осы мәселе бойынша Үкіметке бірқатар ұсыныс тастады.

"Біріншіден, мектеп басшыларын мектептен тыс уақытта және каникул кезеңінде болған құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартуға болмайтындығы жөнінде ресми түсіндірме беру қажет. Екіншіден, "Білім туралы" және "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" заңдарына нақты түзетулер енгізіп, осы мәселені заң жүзінде реттеу қажет деп санаймыз.

Үшіншіден, "Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы" Заңға арнайы норма енгізіп, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын алу тетіктерін егжей-тегжейлі анықтап көрсету қажет. Бұл нормаларда ата-аналардың жауапкершілігі бірінші кезекте екенін заң деңгейінде нақтылап көрсету керек. Төртіншіден, ауыл мектептерінде кадр тапшылығының алдын алу үшін педагогикалық қызметкерлердің құқықтық қорғалуын күшейту жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды ұсынамыз", – деді депутат.

Бұдан басқа оқушылардың сабақтан тыс және демалыс кезеңіндегі мінез-құлқы үшін ата-аналардың жауапкершілігін нақтылайтын қосымша нормалар әзірлеу де ұсынылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу