Депутат несиелерді зейнетақы жинағы есебінен жабуды ұсынды

Алдын ала есеп бойынша бұған 3,5 трлн теңге жұмсалады. 

Депутат несиелерді зейнетақы жинағы есебінен жабуды ұсынды Фото: kapital.kz

Мәжілісмен Аманжан Жамалов БЖЗҚ-дан түрлі қажеттіліктер үшін 1 млн теңгеге дейін беру керек деп есептейді.

"Ұлттық қордан бөлек, Ұлттық банктің басқаруында 14 трлн теңгеден асатын БЖЗҚ активтері де бар. Әрі зейнетақы активтерін басқару нәтижелері одан бетер нашар. Менің депутаттық сауалымнан кейін БЖЗҚ 2014 жылдан бастап зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 115,2% инфляция кезінде 119,5%-ды құрады деген баспасөз релизін жариялады.

Әрі бұл жетістік және табыс ретінде ұсынылып отыр.

Бұл дәлелдердің абсурдты екенін түсіну үшін 2014 жылдан бері доллардың теңгеге қатысты бағамы 3 есе өскенін естеріңізге салайын. Қарапайым тілмен айтқанда, жай ғана валютаға ақша салу арқылы БЖЗҚ-ға қарағанда 2 есе көп табыс табуға болатын еді", – деді мәжілісмен.

Соңғы 12 айда БЖЗҚ кірістілігі 6%-ға жуықтады. Бұл ретте, азық-түлік инфляциясы 24%-дан асып түсті. Депутаттың айтуынша,

БЖЗҚ тиімсіздігіне қарамастан азаматтардың зейнетақы жинақтарын пайдалануына барынша қарсылық танытып отыр.

"29 қарашада БЖЗҚ 2023 жылға арналған жеткіліктік шегін жариялады, бірақ бұл өткен жылғыдан 4-8%-ға көп. Демек, БЖЗҚ соңғы жылдардағы ең тиімді экономикалық реформаны жоққа шығарып отыр", – деп қосты депутат. 

Сондықтан ол жинақтарының 30%-ына дейін, бірақ 1 млн теңгеден аспайтын соманы кредиттерді өтеу, ем ақысын төлеу, коммуналдық қызметтер бойынша қарыздарды төлеуге пайдалануды ұсынды. 

"Мемлекет басшысы халықтың шамадан тыс кредиттелу проблемасына да назар аударды. Қаржылық реттеу агенттігінің деректері бойынша, 1,5 млн-ға дейін қазақстандық өз кредиттеріне қызмет көрсете алмайды. Сонымен бірге, зейнетақы жинақтары құнсызданып, пайдаланылмай жатыр. Әлеуметтік шара ретінде азаматтарға өз жинақтарын: кез келген кредиттерін өтеуге; емделу ақысын төлеуге; коммуналдық қызметтер бойынша қарыздарын төлеуге; балаларын оқытуға және басқа да өмірлік маңызды қажеттіліктерге зейнетақы жинақтарының 30%-ына дейін, бірақ 1 млн теңгеден аспайтын мөлшерде пайдалану құқығын беруге болады деп есептеймін. Бұл шара инфляцияға айтарлықтай әсер етпейді. Мұндай шешім азаматтар үшін жақсы қолдау болады. Алдын ала есеп бойынша бұған 3,5 трлн теңге жұмсалады", – деп түйіндеді мәжілісмен.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу