Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Денсаулық сақтау министрлігінен медицина қызметкерлерін өндірістік жарақаттардан қорғау үшін қандай қосымша тетіктер пысықталатынын сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кеше ғана 23 жастағы Ұлдана Мырзуан атты фельдшер қыз көз жұмды. Шақыртуға барды, 9 қабатты үйдің қасбеті құлады, соның астында жарақат алған азаматтарға Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше көмектесемін деп жүгіріп барды. Басына кондиционер құлап, есін жимай кеше ғана тұрмысқа шыққан жас қыз көз жұмды. Осындай жағдайлар орын алған кезде азаматтарды өндірістік жарақаттардан қорғаудың қандай тетіктері жазылған?", – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев осындай жағдайларды болдырмау үшін қолданыстағы еңбек заңнамасында қорғау тетіктері жазылғанын жеткізді.
"Фельдшер төтенше жағдай қызметкерлерінен бұрын келіп, өзінің міндетін атқару кезінде осындай жарақат алған болатын. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін, жедел жәрдем қызметкерлерін қосымша өзін-өзі қорғау бұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды пысықтап жатыр", – деп жауап берді Тимур Сұлтанғазиев.
Айта кету керек, бұған дейін депутат жалақы теңсіздігін сынға алғанын жазғанбыз.