Құрылтай депутаты Ермекқали Юсупов шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий жариялау мәселесі бойынша Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бүгінде бизнес жаңа салық ережелеріне, мемлекеттік жүйелерді цифрландырылуына және реттеушілік өзгерістерге бір мезгілде бейімделіп жатыр.
"Бұл дегеніміз бухгалтерлік есепті, бизнес-процестерді және қаржылық жоспарлауды қайта құруға байланысты қосымша шығындарды талап етеді. Шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарын ашып, сондай-ақ салық базасын кеңейтіп, көптеген азаматтарды жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Оларға тек бітпейтін тексерістер мен әкімшілік қысымнан қорықпай жұмыс істейтіндей мүмкіншілік жасалуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау қауіп-қатерге негізделген бағытта болуы тиіс. Тексеріс пен бақылауға келгенде, кішігірім кәсіпкер мен экономикаға үлкен ықпалы бар ірі компанияны бір қатарға қоюға болмайды. Мемлекеттік тексерістер мен бақылау жұмыстары қауіп деңгейіне сай болуы керек. Шағын және орта бизнесті мазалай бермей, бар күшті елге шынымен де үлкен зиян келтіруі мүмкін дейтін ірі нысандарды бақылауға жұмсалуы керек", – деді депутат.
Құрылтай депутатының айтуынша, осындай тәсілмен ғана адал кәсіпкерлерді артық қысымнан қорғап, мемлекеттік қадағалауды, бұзушылықтардың алдын алудың нақты құралына айналдыруға болады.
Осыған байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады:
- Шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге бір-екі жыл мерзіміне мораторий енгізу. Азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға, апаттарға, төтенше жағдайларға және заңда арнайы көзделген өзге де жағдайларға байланысты тексерулерді қоспағанда;
- Қайталанатын, артық және негізсіз рәсімдерді болдырмау мақсатында ШОБ-қа қатысты реттеушілік талаптарды жан-жақты қайта қарастыру. Сонымен қатар бақылау шараларының барынша көп бөлігін кәсіпкерге баруды қажет етпейтін цифрлық және алдын алу форматына көшіру;
- Бақылау ресурстарын бөлу жүйесін қайта қарап, басты назарды бұзушылық салдары өте ауыр болуы мүмкін ірі бизнеске, монополияларға және қауіп-қатері көп болатын кәсіпорындарға аудару қажет.