banner

Депутат шаруалардың мәселесін "ұрандата отырып" көтерді

1601

Биыл шаруалар көздеген мақсаттарына жете алмады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, "Nur Otan" партиясы фракциясының мүшесі Құдайберген Ержан айтты, деп жазады Inbusiness.kz

Депутат шаруалардың мәселесін "ұрандата отырып" көтерді
"Дер кезінде су жеткізіліп берілмеді. Тыңайтқыштар көлемі мен агротехникалық әдістер талапқа сай келмеді. Нәтижесінде шаруалардың кейбіреулерінің тапқан табыстары шығындарын әзер жауып, өлместің күнін көруде. Көктемнің бір күні – жылға азық деген сөз бекер емес. Оны өз қолымен дән сеуіп еңбек етпеген адам қайдан білсін. Олай деуге негіз бары сөзсіз", – деді депутат Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, мынадай мәселелер бар:

- Республика бюджетінен көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінетін бюджеттік ресурстар қаражатының жеткіліксіздігі. "Атамекен" ҰКП деректеріне сәйкес, қаржыландыруға кемінде 800 млрд теңге қажет. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда, қажетті қаржыландыру көлемі 100 млрд теңге яғни 15%-ды құрайды. 

- Бүгінгі күні көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру наурыз-мамыр кезеңінде басталады. Табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, оңтүстік өңірлердегі фермерлерге қаражат желтоқсан-қаңтар айларында қажет. Кеш қаржыландыру агротехникалық іс-шараларды жүргізуге және тиісінше, фермерлер еңбегінің өнімділігі мен табысына теріс әсер етеді.

- Жанар-жағармай мәселесі шешімін дер кезінде таппайды. Бағасы шарықтап, дихандар алыпсатар саудагерге жем болады. Мысалы, биыл көктемде жанар-жағар майдың бағасы 300 теңгеге дейін жетті. Ал тыңайтқыштардың бағасы, селитра – 180 мың теңге, аммофос – 350 мың теңгеге жетті.

- Жер ылғалдылығын келтіру мәселесінде су тапшылығы және арық атыздардың жөңдеу жұмыстары кеш басталады. Өйткені су шаруашылық мекемелерінің жұмыс кестесі дихандардың талабына сай келмейді.

- Тыңайтқыштар дер кезінде болмайды. Өйткені наурыз-мамыр кезеңінде қаржыландырудың басталуына байланысты отандық өндірістің минералдық тыңайтқыштарын (азот, фосфат) жеткізу кезінде осы айларда дүрлікпе басталады, ал күзгі-қысқы кезеңде тапсырыстар іс жүзінде болмайды.

"Европа нарығында газ бағасының өсуіне байланысты минералды тыңайтқыштарға сұраныс жоғары. Сол себепті отандық өндірушілер экспортқа бет бұрыс жасауда. Сонда отандық диқандардың жағдайы не болмақ? Міне, осы жайттардың барлығы соңғы өнімнің өзіндік бағасына әсер етеді. Жылда қайталанатын, шешімін таппайтын мәселені бір жолата жолға қою, ол Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың міндеті емес пе? Ұрандадып айтар болсақ, "Байлығымыз халқымыз болса", мақсатымыз – "Әр азаматқа лайықты өмір". Ауыл тұрғындарына еңбек етіп, өз отбасыларын асырауға мүмкіншілік беру керек. Келер көктемгі жұмыстарына дайындық жоспары жөнінде ақпарат беруіңізді сұраймын", – деді депутат.

Депутат мынадай ұсыныстарын да айтты:

1. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мерзімін қаңтар-ақпан айында бастау.
2. ҚазСу шаруашылығы келісім-шартта көрсеткен өз міндеттерін кесте бойынша орындау және жауапкершілік алу.
3. Кесте бойынша жанар-жағар маймен қамтамасыз ету.
4. Тыңайтқыштардың қорын құрып, қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етіп, кестеге сәйкес таратып беру.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу