Депутат: Сот орындаушылары "Отбасы банк" салымшыларынан қаржы жымқырған

Мұны ол Үкімет сағатында айтқан. 

 Депутат: Сот орындаушылары "Отбасы банк" салымшыларынан қаржы жымқырған Фото: mazhilis.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің сөзінше, жеке сот орындаушылардың жасаған өрескел қателігі өте көп, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– "Отбасы банктің" материалдары бойынша, 3 жеке сот орындаушы азаматтардың жинаған қаражатын түрлі сылтаулармен 3 млрд 442 млн теңгені жымқырған. 2023 жылы жеке сот орындаушылар 4740 есептен шығару актісі арқылы 1 млрд 721 млн теңгеге қалтасына басқан. Ал 2024 жылы 8995 акт арқылы 1 млрд теңгеге жуық ақша шешіп алған. Бұл алаяқтықты іске асыру үшін жеке сот орындаушылар жылжымайтын мүлікті сату, жалға алу агенттіктер, риэлторлар, нотариустармен бәрі бір қылмыстық топ болып жүзеге асырған, – дейді ол.

Депутат осы күні халықтың жеке сот орындаушылардан қорқатынын айтып, "ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса ше?" деп сұрақ қойды.

– Азаматтар әрбір жеке сот орындаушының абыройы, іскерлік беделі жағынан бағалап, төменгі рейтингісі бар, қоғам наразылығы мен ашуына іліккен сот орындаушыларын саладан біржола кетіруі керек. Алаяқ және қылмыстық пиғылмен мемлекеттік ақшаны жымқырған жеке сот орындаушыларды құқық қорғау органдарының бақылауына қою үшін, оларды мемлекеттік функцияларды атқаратын лауазым иелерінің санатына қосу керек. Сонда ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық жауапкершілікке тарта алады. Қазір халық бандит пен қарақшыдан емес, құқық қорғаушы мен сот орындаушыдан қорқады. Сот шешімін орындатуға міндетті қызметкердің өзі қылмыскер алаяқ болса, не болмақ? Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің? – деп сөзін жалғастырды Бақытжан Базарбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу