Депутат ұялы байланыс тарифтерін мемлекет бақылауына алуды ұсынды

218

Ұялы байланыс тарифі 300%-ға өсті.  

Депутат ұялы байланыс тарифтерін мемлекет бақылауына алуды ұсынды Фото: sarapshy.info

Нартай Сәрсенғалиев Мәжіліс отырысында ұялы байланыс тарифтерінің күрт қымбаттауына қатысты мәселе көтеріп, бағаға мемлекеттік бақылауды күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Депутаттың айтуынша, 2022 жылдан бері байланыс операторларының тарифтері 20%-дан 90%-ға дейін өскен. Ал кейбір операторларда баға өсімі 300%-ға жеткен.

Ол байланыс операторлары тарифтерді өз бетінше белгілегенімен, олардың қызметі мемлекет тарапынан бақылауда болуы тиіс екенін айтты.

Өз кезегінде Жаслан Мәдиев тарифтердің қымбаттауына инфрақұрылымды жаңарту мен 5G желісін енгізу әсер еткенін мәлімдеді.

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда интернетті ауылдық елді мекендерге жеткізу және жаңа технологияларды енгізу үшін ауқымды инвестиция қажет.

Сондай-ақ ол соңғы үш жылда интернет тұтыну көлемі 70%-ға артқанын атап өтті. Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта 1 гигабайт интернеттің орташа бағасы шамамен 82 теңгені құрайды.

Министрлік мобильді байланыс тарифтеріне қатысты антимонополиялық бақылауды күшейтуге дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, 13 мамырда Мәжілісте телекоммуникациялар нарығын дамыту мәселелеріне қатысты заң жобасы қаралды. Құжатта енді қоңырау шалған оператор атауын телефон экранында көрсету нормасы да қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу