Депутат вандализм қаупі бар аймақтар картасын құруды ұсынды

377

Бұл туралы депутаттық сауалда айтылған.  

Депутат вандализм қаупі бар аймақтар картасын құруды ұсынды Фото: jjtv.kz

Құрылтай депутаты Мейрамбай Кемалов рұқсат етілмеген граффити үшін жауапкершілікті күшейту мәселесін көтеріп, бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат рұқсат етілмеген граффити үшін әкімшілік қамау мерзімі 20 тәуліктен 30 тәулікке дейін ұзартылып, қылмыстық жауапкершіліктің күшейтілгеніне қарамастан, көше бұзақылары әрекеттерін доғарар емес.

Мейрамбай Кемалов көше вандализмінің өршуіне бірқатар фактор әсер етіп отыр деп санайды. Біріншісі – вандализм фактілерін "ізін суытпай" анықтаудың және құқық бұзушыларды әшкерелеудің жеделдігі төмен. Екіншіден, заңды стрит-артқа арналған арнайы аймақтардың тапшылығы.

Осыған байланысты депутат бірқатар шараларды қабылдауды қарастыруды сұрап отыр:

1. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп ғимараттардың қасбеттеріне және басқа да ортақ пайдаланылатын орындарға графикалық және өзге де бейнелерді өз бетінше салуға толық тыйым салуды енгізу мәселесін пысықтау.
2. Ішкі істер министрлігіне тәуекелі жоғары аудандарда тәулік бойы бейнебақылау жүргізу, атаулы профилактикалық шаралар қабылдау, патрульдеуді күшейту үшін "Вандализм қаупі бар аймақтар картасын" құру; құқық бұзушылықтардың жолын жедел кесу үшін басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп қолданыстағы цифрлық жүйелер ("Сергек" жүйесін қоса алғанда) базасында бейнеаналитика мен жүзді тану алгоритмдерін интеграциялау.
3. Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне әсіресе жастар арасында мұндай әрекеттердің заңсыздығы мен ықтимал салдары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту.
4. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне заңды стрит-арт мәселелерін реттеу мақсатында қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізу.
5. Жергілікті атқарушы органдарға бұл нысандарды бояп тастау немесе бастапқы қалпына келтіру үшін жедел топтар құру; көше суретшілері үшін арнайы алаңдар мен қабырғалар бөлу.

Айта кету керек, бұған дейін  Қазақстанда граффити салғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу