Депутат жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін арттыруды ұсынды

460

Біржолғы төлем көлемі 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін болып белгіленген.

Депутат жәбірленушілерге төленетін өтемақы мөлшерін арттыруды ұсынды Фото: fpl.kz

Құрылтай депутаты Снежанна Имашева өзінің депутаттық сауалында Жәбірленушілерге өтемақы қорына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылғы шілдеден 2026 жылғы шілдеге дейінгі аралықта Жәбірленушілерге өтемақы қорына 9 млрд 347 миллион теңгеден астам қаражат түскен. 

"Сегіз жыл ішінде 5,5 мыңға жуық жәбірленуші жалпы сомасы 855 миллион теңгеден асатын өтемақы алды. Осылайша, Қор есепшотында қазіргі таңда 8,5 миллиард теңгеге жуық қаражат қалып отыр. Осы орайда заңды сұрақ туындайды. Мұндай қомақты қаражат бола тұра, төлемдер көлемі неліктен салыстырмалы түрде аз? Осы жылдар ішінде өтемақы алуға құқығы бар жәбірленушілердің саны әлдеқайда көп болған еді", – делінген депутаттық сауалда.

Екінші мәселе – өтемақы мөлшері. 

"Бүгінде біржолғы төлем көлемі 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі аралықты құрайды және ол Қор құрылған сәттен бастап бірде-бір рет қайта қаралған жоқ. Бұл ретте өтемақы алушылар тұлғаға қарсы қылмыстардан зардап шеккен жәбірленушілер екенін ескеруіміз керек. Қордағы қазіргі жинақталған қаражатты есепке ала отырып, төленетін өтемақы мөлшерін арттыратын немесе көмек алатын санаттар тізімін кеңейтетін уақыт келді деп есептейміз.
Үшіншісі – төлемдерді алу мерзімдері мен тәртібі. Заңға сәйкес, өтемақы уақтылы, іс жүзінде адам жәбірленуші деп танылған сәттен бастап берілуі тиіс. Дегенмен, тәжірибеде оны алу процесі ұзақ уақытқа, кейде тіпті төрт айға дейін созылып кетеді. Көмек тағайындау процесі цифрландырылмаған", – деп атап өтті Құрылтай депутаты.

Осы мәселеге байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады:

1. "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" Заңының қолданылу тәжірибесіне, соның ішінде жәбірленушілердің өтемақы алуға жүгінбеу себептеріне кешенді талдау жүргізу;
2. Өтемақыны тағайындау процедурасы мен оны төлеу механизмдерінің қолжетімділігі мен жеделдігін қамтамасыз ете отырып, оларды жетілдіру;
3. Төленетін өтемақы мөлшерін арттыру немесе оны алушылар санаттарының тізімін кеңейту мәселесін қарастыру;
4. Өтемақыларды тағайындау және төлеу процесін толық автоматтандыруды қамтамасыз ету;
5. Қор қаражатының қайтарылу деңгейі төмен болуының себептерін талдау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу