banner

Депутат Жанарбек Әшімжан Храпунов пен Әблязовты айыптады

2825

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан үкімет басшысы мен бас прокурорға депутаттық сауал жолдап, "түбі шикі, шеттен қаржылық қолдау алатын анонимдердің" жеке басын анықтап, арандатушылардың іс-әрекетіне ашық түрде баға беруді сұрады, деп жазады inbusiness.kz. 

Депутат Жанарбек Әшімжан Храпунов пен Әблязовты айыптады

Ол жалған ақпарат тарататын ақпараттық паблик, блогер және анонимді телеграмм-арналардың артында Храпунов пен Әблязов тұрғанын айтады, бірақ сөзіне дәлел келтірмейді.

"Отандық ақпараттық өріске шабуылды ұйымдастыру механизмін типтік деп айтуға болады. Негізінен жалған ақпараттар ең алдымен түбі күмәнді ресурстарда пайда болады, олар негізінен Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан. Іле-шала фейктер барлық ақпараттық пабликтерде және блогерлер мен анонимді телеграмм-арналар арқылы жаңа медиада көрсетіледі. Мұндай схеманы жақсы қаржылық қолдаусыз жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан түрлі жолдармен елдің ішін ірітуге бағытталған мұндай жобалардың артында Храпунов, Аблязов секілді мысықтілеулер, кешегі "Қаңтар қасіретінде" халықтың қалқасында тұрып Тәуелсіздіктің тамырына тас атқан ниеті бұзық реваншистік топтардың тұрғаны анық", – деп болжайды ол.

Сонымен бірге министрлердің "күлкіге қалған" видеолары әлеуметтік желіде таралатынына да алаңдайды.

"Кейбір Үкімет мүшелері журналистердің сұрақтарына жауап бере алмай, орынсыз сүрініп, тіпті күлкіге қалып жататын жайттар бар. Өз кезегінде бұл ақпараттар әлеуметтік желі арқылы халыққа да тарайды. Елдің көңіл күйіне әр түрлі әсер ететінін ұмытпайық. Біздің қоғамда әсер ететін ақпараттық соққылардың күшін бағаламау – үлкен қателік. Біздің ортақ міндетіміз – ақпараттық шекараны қорғау, елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау", дейді мәжіліс депутаты.

Бұрынғы журналист Жанарбек Әшімжанның пікіріне қарағанда, БАҚ-тардың жұмысын кәсіби ұйымдастыруға билік араласуы керек.

"Елдегі ақпараттық кеңістіктің шынайылығын, әділеттілігін, тазалығын тұрақтандыру үшін мынадай қадамдар жасау қажет деп санаймыз:

Бірінші. Уәкілетті органдар кез келген мәселеге басын ала қашпай, сәтінде құқықтық баға беріп, қоғамды, елді шынайы ақпараттармен қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар заманауи технологиялар үшін түбі шикі, шеттен қаржылық қолдау алатын анонимдердің жеке басын анықтап, арандатушылардың іс-әрекетіне ашық түрде баға беру қажет.

Екінші. Мемлекеттік органдар ақпарат береді, бірақ оның жиілігі, ең бастысы таралу жылдамдығы жоғарыда сипатталған схемамен салыстыруға келмейді. Сондықтан ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттің тұрақтылығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін БАҚ-тардың жұмысын кәсіби деңгейде ұйымдастыру керек", – дейді Жанарбек Әшімжан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу