Депутаттар әкелердің құқығын қорғайтын заңды қабылдады

71

Тиісті жаңашылдық бала күтімімен айналысатын әкелерге ғана қатысты.  

Депутаттар әкелердің құқығын қорғайтын заңды қабылдады Фото: kzvesti.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов зейнетақыны тағайындау кезінде жұмыссыз әкелердің декреттік демалысын ескеруге қатысты түзетулерге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл заң аясында әкелердің құқығы қарастырылды. Бүгінгі таңда, мысалы, егер аналар баланың күтіміне байланысты декретке шығып, баламен отыратын болса, ертең базалық зейнетақыны алу үшін еңбек өтілі саналады. Ал бүгінгі күні әкелердің құқығы қорғалмаған. Сондықтан біз заң жобасының ішіне бұл норманы да енгіздік. Енді әкелер де декретке шығып, баласының күтімімен айналысатын болса, онда бұл әкелердің де еңбек өтіліне саналатын болады", – деді Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында.

Депутат бірнеше жыл бұрын ер азаматтарға декреттік демалысқа шығу мүмкіндігі берілгенін еске салды.

"Әкелер 3 жасқа дейін баласымен үйде отыратын болса, енді осы кезең оның еңбек өтіліне қосылады. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау кезінде де, 1998 жылға дейінгі стажы бар азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу кезінде ескеріледі. Бұл тетік – он мыңдаған азаматтарымыздың құқығын қорғауға бағытталған маңызды бастама", – деп түсіндірді мәжілісмен тілшілердің сауалына берген жауабында.

Айта кету керек, бұған дейін енді зейнетақыны тағайындау кезінде жұмыссыз әкелердің декреттік демалысы да ескерілетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу