Депутаттар көңіл көтеретін орындарға балаларымен баратын ата-аналарға наразы

630

Бүлдіршіндердің ішімдік ішілетін шулы мейрамханалар мен кальян шегетін кешкі барларға баруы денсаулыққа зиян.  

Депутаттар көңіл көтеретін орындарға балаларымен баратын ата-аналарға наразы Фото: stan.kz

Мәжіліс депутаттары Әлия Әбсеметова мен Мақпал Тәжмағамбетова Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдап, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Бізді алаңдатқан жайт – емшектегі сәбиі мен әрі кішкене балаларын ересектерге арналған әр түрлі көңіл көтеретін және демалатын орындарға алып жүретін ата-аналарды күнделікті өмірде жиі байқаймыз. Әсіресе, ішімдік ішілетін шулы мейрамханалар мен кальян шегетін кешкі барларға бүлдіршіндерді жиі алып барады. Ал бұл жағдай балалардың физиологиялық және психикалық дамуына теріс әсер етеді", - деді Әлия Әбсеметова депутаттық сауалында.

Ол сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, медицина қызметкерлерінің беделді қоғамдық бірлестіктері мен психотерапевтердің өзі дыбысы қатты ірі кинозалдар сәбилердің құлақ жарғағына қауіпті екенін ескерткенін мәлім етті. Бұл балалардың құлағы естімей қалуына, әрі жүйкесіне зиян тиетінін, үрейлі синдром қалыптастыруы мүмкін деген қаупін де жеткізді, депутат.

"Халқымыздың сан ғасырлық салт-санасын бұзумен қатар олардың конституциялық құқығын бұзып жүрміз. Бала – бәрімізге ортақ құндылық. Ендеше олардың денсаулығы, қоршаған ортасы, жан әлемі көздің қарашығындай қарайтын маңызды аспектілер", - деді Әлия Әбсеметова.

Депутаттық сауал авторларының пікірінше, мемлекет балалардың денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін қолданыстағы құқықтық-нормативті реттеу базасын қайта қарап, даму перспективаларына баға беріп кешенді түрде реттеу керек.

Әлия Әбсеметованың пікірінше, сонымен қатар көңіл көтеруге арналған мекемелердің тарапынан да, ата-аналар жағынан да жауапкершілік танылып, өзара түсінушілік мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл мәселе тек үкіметтің ғана емес, азаматтық қоғамның да жауапкершілігі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу