Депутаттардың біліктілігін арттыруға 647 миллион теңге бөлінуі мүмкін

2988

Елімізде мәслихат депутаттары біліктілігін арттыру құқығына ие болады.   

Депутаттардың біліктілігін арттыруға 647 миллион теңге бөлінуі мүмкін

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында "Кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда талқыға салынды. Құжатты депуттарға Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев таныстырды.

Осы орайда депутат Айгүл Нұркина заң аясында мәслихат депутаттарына жаңа құқық берілетінін атап өтіп, министрге сұрақ қойды.

"Енді мәслихат депутаттарын тиісті бюджет қаражаты есебінен даярлау, қайта даярлануға және біліктілігін арттыруға құқық беріледі. Уәкілетті органның мәліметінше, бұл мақсатқа шамамен 647 млн теңге бөлінеді. Алайда заң жобасында осы норманың қалай іске асырылатыны туралы тетік жоқ. Мысалы, оны кім, қандай форматта, қандай жиілікпен жүргізеді?", – деді.

Әсет Ирғалиев заңдағы норма мәслихат депутаттарын 5 жылда бір рет оқуға жіберуді көздейтінін жеткізді. Алғашқы 2 жылда оқыту ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының филлиаларында жүргізіледі.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бұл жауапқа көңілі толған жоқ.

"Заң жобасындағы даярлау мен қайта даярлау дегеніміз не? Қайтадан диплом бересіздер ме? 647 млн теңгені де береміз деп отырсыздар? Заңға даярлау мен қайта даярлау нормасын не үшін жаздыңыздар? Бұл нені білдіреді?", –  деп сұрады.

Ұлттық экономика мнистрі бұл қаржы мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыруға жұмсалатынын айтты.

"Үшінші рет сұраймын. "Даярлау және қайта даярлау" деген нені білдіреді?.. Академиялық бағдарлама, білім алу... Диплом ала ма? Бұл жастардың сүйікті тәсілі шығар. Олар бір жыл ішінде 5 диплом алып жүреді. Енді осыны заң жобасына (норма) жазып қойыпсыздар. Не істегендеріңізді түсінбей отырсыздар", – деді Мәжіліс төрағасы.

Сондай-ақ ол  "кәсіби біліктілікті арттыруды" да дұрыс ұйымдастыру керегін де атап өтті.

Ұлттық экономика министрі депутаттардың ұсынысын қолдайтынын айтты.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу