Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов диқандарға дизель отыны арзан бағада беріліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биылғы қаңтарда Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері 2026 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығындағы кезеңге "2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына 402,2 мың тонна дизель отынын беру графигін" бекітті.
"Өңірлердегі дизель отынына Энергетика министрлігі ұсынатын ағымдағы баға литріне қосылған құн салығымен 263 теңге болады. Түпкілікті бағаны өңірлік оператор белгілейді, ол литріне 281 теңгені құрайды, бұл литріне 49 теңгеге арзан немесе жанармай құю станцияларындағы бөлшек сауда бағасынан 15 %-ға төмен", – деді министр Үкімет отырысында.
Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, ақпан-сәуір аралығындағы кезеңге 402,2 мың тоннадан 204,8 мың тонна дизель отыны тиеп-жөнелтілді. Ведомство басшысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизель отынын тиеп-жөнелту мәселесі тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Айта кету керек, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов су лимитін бақылауды тапсырғанын жазғанбыз.