Димаш Құдайберген CNN телеарнасына сұхбат берді

81

Өнер иесі шығармашылық жолы мен басты миссиясы жайлы әңгімеледі.

Димаш Құдайберген CNN телеарнасына сұхбат берді Фото: Бейнежазбадан

10 қараша күні Лондонға барған бойда қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әлемге танымал CNN телеарнасының студиясына шақырылды. Әнші "What We Know with Max Foster" атты халықаралық жаңалықтар бағдарламасында тікелей эфирде қонақ болды,  деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бағдарлама жүргізушісі Макс Фостер Димашты "әлем бойынша орасан зор тыңдарманы бар қазақстандық әнші" деп таныстырып, оның сегіз жыл бұрын Қытайда бірегей стилі мен алты октавалық дауысымен танылғанын атап өтті.

Сондай-ақ жүргізуші әншінің 16 тілде ән орындайтынын және жуырда Нью-Йорктегі Madison Square Garden сахнасында концерт өткізгенін еске салды.

Сұхбат барысында Димаш Құдайберген кәсіби жолының бастауын еске алып, вокалдық шеберлігінің қалыптасуы туралы айтты:

– Халықаралық мансабым шамамен 15 жыл бұрын басталды. Алдымен опералық вокалды меңгеріп, кейін поп және джаз бағытында дамыдым. Қазір де үнемі білімімді жетілдіріп отырамын, – деді ол.

Әнші не себепті опера театрының ұсынысынан бас тартып, заманауи музыканы таңдағанын да түсіндірді:

– Менің дауыс табиғатыма неоклассикалық бағыт көбірек сәйкес келеді. Дегенмен кейде тәжірибе жасап, концерттерде рок немесе рэп элементтерін қосамын, – деді Димаш.

Сондай-ақ ол дауыс диапазонының кеңеюі мен кәсіби еңбегі туралы айтып, ұстазы Марат Айтимовқа алғыс білдірді.

– Бұл – Жаратушының сыйы, бірақ ең бастысы – еңбек. Мен күн сайын вокалдық жаттығу жасаймын. Паваротти айтқандай, елу жыл сахнада болған соң ғана "қалай ән айту керек екенін түсінесің" деген сөзімен толық келісемін, – деді әнші.

Сұхбат соңында Димаш өзінің басты миссиясын – Қазақстанның мәдениетін әлемге таныту деп атап өтті:

– Мен үшін ең үлкен мақтаныш – елімнің мәдениеті мен тарихын, дәстүрін, бейбітшілік пен сүйіспеншілік құндылықтарын әлемге жеткізу. Сондықтан айтарым – Қазақстанға қош келдіңіздер, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу