Димаш Құдайберген "Stranger" жеке концерті өтетін Рига қаласына барды. Жанкүйерлері әншіні әуежайда ыстық ықыласпен қарсы алып, оған дәстүрлі музыкалық аспап – коклені сыйға тартты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, кокленің пайда болуы балтық тайпалары кезеңіне дейін барады. XIII ғасырдың өзінде-ақ осы аспапта кәсіби деңгейде ойнаған музыканттар тобы болған екен.

Аспаптың құрылысы қуыс трапеция пішінді денеден және жұқа ағаш тақтайшадан тұрады. Жіңішке металл өзекке 6-дан 9-ға дейін, қазіргі заманда 20-ға дейін жететін ішектерді бекітетін ағаш түйреуіштер орнатылады.
Бұл аспапқа қатысты көптеген аңыздар бар. Оның аты халық ертегілері мен жырларында жиі аталады. Кокле сондай-ақ, Латвияның мәдени канонына да енгізілген.
Латвиядағы Димаш фан-клубының өкілдері халықтың бұл музыкалық аспапқа ерекше ілтипатпен қарайтынын және коклені сыйға тартқанда, әдетте оны тоқыма жылы көрпеге орап беру дәстүрге айналғанын айта кетті.