Қазақстан Республикасының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Ирандағы қыздарға арналған мектепке жасалған әуе соққысына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кеше Иранда орналасқан қыздарға арналған мектепке жасалған шабуыл салдарынан ондаған бала қаза тауып, көптеген бала жарақат алған болатын.
"Біз құқық қорғау саласындағы әріптестерімізбен бірге бұл қасіретті оқиғаға қатты күйзелдік. Мектептер – бейбіт аймақтар, ал білім беру мекемелеріне жасалған шабуыл халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы болып табылады", – деді ол.
Оның айтуынша, балалар кез келген қақтығыста ең осал топ болып саналады.
"Балалар соғысты таңдаған жоқ, саяси шешімдер қабылдамайды және ересектердің әрекеттері үшін жауапты емес. Алайда ең ауыр зардапты дәл солар шегеді. Балалар жапа шекпеуі, қорқыныш сезінбеуі тиіс", – деді Динара Зәкиева.
Омбудсмен Қазақстанның ұстанымы бейбіт жолмен реттеуді көздейтінін атап өтті.
"Қазақстан әрдайым келіспеушіліктерді бейбіт жолмен, келіссөздер арқылы, бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік жолында реттеуді қолдап келеді. Біз халықаралық қауымдастықты балаларды және олардың болашағын сақтау үшін диалогқа шақырамыз", – деді ол.
Сондай-ақ ол қаза тапқан балалардың отбасыларына көңіл айтты.
"Біздің ортақ міндетіміз – балаларға тыныш әрі ашық аспан астында өмір сүру құқығын қайтару. Бейбітшілік – әрбір баланың құқығы. Минаб қаласындағы мектепте қаза тапқан балалардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамыз", – деді Динара Зәкиева.