Жиынға Қазақстан Республикасының Вице-Президенті әрі Хатшылық басшысы Ерлан Қарин төрағалық етті.
Отырысқа 20 елден діни лидерлер, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың 30-дан астам өкілі қатысты.
Кездесу қорытындысында 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын дамытуға бағытталған екі халықаралық құжат қабылданды. Олар – "Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі діндердің рөлі" және "Діни салада жасанды интеллектіні пайдаланудың этикалық кодексі".
Климат жөніндегі құжат экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Ал ЖИ-ді қолдануға қатысты этикалық кодекс діни мәтіндерді бұрмалау, жалған цифрлық контент жасау, кемсітушілік пен адамдардың сеніміне манипуляция жасауға жол бермеу қағидаларын қамтиды.
Ерлан Қариннің айтуынша, қазіргі қарулы қақтығыстар, гуманитарлық дағдарыстар және технологиялық сын-қатерлер жағдайында рухани дипломатияның маңызы артып отыр. Оның пікірінше, діни диалог өзара сенімді нығайтып, бейбітшілікке ықпал ете алады.
Сонымен қатар отырыста Қазақстан мен Қасиетті Тақтың бірлескен бастамасы – "Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары хартиясы" таныстырылды.
Хатшылық сондай-ақ Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру және оны халықаралық деңгейде ілгерілету жөніндегі жоспарды әзірлеуді тапсырды.