banner

Дизель отыны бір жылда 35,5%-ға қымбаттады

604

Дизель отыны бір жылда 35,5%-ға қымбаттап отыр. Өңірлер бойынша баға айырмашылығы бар екенін байқауға болады.   

Дизель отыны бір жылда 35,5%-ға қымбаттады

Мысалы, бір жыл ішінде отын бағасы Алматы облысында 15,4%-ға өссе, Ақмола облысында 58,4%-ға артқан, деп жазады  inbusiness.kz energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Осы жылдың қаңтар–шілде аралығында дизель отынын өндіру көлемі 3,1 млн тоннаға жеткен. 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға артып отыр.

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов дизель отыны өндірісінің биылға арналған болжамы 5,2 млн тоннаны құрайтынын хабарлаған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 300 мың тоннаға артық.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі нарықта дизель отынын өткізу көлемі 2,7 млн тоннаға жеткен. Былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 18,9%-ды құрап отыр. 

Бұл кезеңдегі өндіріс көлемі 13,9%-ға артты. Биылғы бірінші жартыжылдықтағы дизель отынының импорты 23,3 мың тонна болса, экспорт 5,3 есеге қысқарып, 36,8 мың тоннаны құраған.

Тамызда елде егін жинау науқаны алдында дизель отынының тапшылығы орын алды. Арнайы құрылған комиссия бұл жағдайға бірінші кезекте транзиттік көлікпен тұтыну көлемінің айтарлықтай өсуі, екіншіден бағаның төмендеуіне байланысты көрші елдерге дизель отынының ағыны әсер еткенін анықтады.

Тамыз айындағы деректерге сәйкес, елдегі дизель отынының құны орта есеппен бір айда 0,7%-ға өскен. Қымбатшылықты Батыс Қазақстан (3,5%) мен Ақтөбе облыстарының (3,4%) тұрғындары сезінген.  Шығыс Қазақстан облысында (2,9%) да баға айтарлықтай жоғарылаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу