Дизель отынының бағасын қалыптастыруда проблемалар бар – Өмірзақ Шөкеев

657

Ал Қанат Бозымбаев шаруаларды дизель отынымен қамтуда ешқандай мәселе болмайды деп сендіруде.

Дизель отынының бағасын қалыптастыруда проблемалар бар – Өмірзақ Шөкеев

Арзандатылған жанар-жағармай құны нарық бағасынан төмен болғанымен, операторлардың қызметіне байланысты түпкілікті баға жоғары күйінде қалып отыр, деп хабарлайды abctv.kz.

Сондықтан әкімдіктер операторлармен бағаны төмендету жөнінде жұмыс жүргізуі қажет деп есептейді премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев. Бұл ретте, ол Павлодар облысы әкімдігінің жұмысын ерекше атап өтті.

"Павлодар облысында егін жинау жұмыстарына арналған арзандатылған жанар-жағар майды электронды бөлу және өткізу бойынша министрліктің жобасы пилоттық режимде іске асырылды. Көлемдер айқын, кезек тәртібімен, танаптардың электрондық картасына және егістіктердің ғарыштық мониторингіне байланысты бөлінуде. Министрлік аталған тәжірибені 2019 жылғы егін себу жұмысының басында барлық өңірге таратуды жоспарлап отыр", – деді Өмірзақ Шөкеев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ал энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 20 тамыздағы жағдай бойынша еліміздегі дизель отынының көлемі 260 мың тоннадан асады. Жоспарға сәйкес, оның 110,5 мың тоннасы ауыл шаруашылығы жұмыстарына жұмсалады.

"20 тамыздағы жағдай бойынша 44,4 мың тонна дизель отыны шаруаларға жіберілді. Бұл жоспарланған көлемнің 40 пайызын құрайды. Зауыттарда дизель отынына қатысты ешқандай проблема жоқ. 20 тамызда Павлодар мұнай-химия зауыты жөндеуден кейін іске қосылды. Зауыт тәулігіне 4-5 мың тонна дизель отынын шығаратын болады", – деді Қанат Бозымбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу