Дизель отынының бір тоннасы – 228 мың теңге

Бұл – елдегі ең төмен баға. 

Дизель отынының бір тоннасы – 228 мың теңге Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысының шаруалар көктемгі дала жұмыстарына білек сыбана крісті. Қазір жер дайындау жұмыстары жүргізіледі. Ал мамырдың алғашқы күндері дәнді дақылдар тұқымын себу басталады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, биыл Павлодар өңірінде егістік көлемі өткен жылмен салыстырғанда 50 мың гектарға артып, 1 млн 619 мың гектарға дейін жетті. Бұл ретте 963,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 288 мың гектарға майлы дақылдар және 332 мың гектар алқапқа жем-шөп дақылдары салынады.

Дала жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникаларының 98%-ы да дайындалды. Шаруалар барлық үлгідегі тракторларын, соқалары мен қопсытқыштарын, тырмалары мен сепкіштерін әзірлеп, сақадай сай отыр.

Обылстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаевтың сөзінше, дала жұмыстарымен айналысатын шаруаларды жанар-жағармаймен қамтуда қиындық туындамауы тиіс. Бұл мақсатқа өңірде 23,8 мың тонна дизель отыны қарастырылды. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірірушілерден өтініштер қабылдануда.

"Республика бойынша дизель отынының ең төмен бағасы Павлодар облысында. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының бір тоннасы 228 мың теңгені немесе литріне 191 теңгеніқұрайды. Бұл –
нарықтық құнынан 39 теңгеге арзан. Осы уақытқа дейін 10,4 мың тоннаға өтінім беріліп, оның 6,2 мың тоннасы үшін төлем жасалды. Ал 4,3 мың тоннасы шаруашылықтарға жөнелтілді", – дейді Марат Ақтаев.

Ал өсімдік шаруашылығын қолдау мақсатында 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл қомақты сома минералды тыңайтқыштардың, пестицидтердің құнын субсидиялауға, тұқым шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ, суды жеткізу қызметтеріне бағытталады.

Осы орайда диқандардың кәсібін ілгерілету үшін жеңілдетілген несиелер де берілмек. Ол үшін 3 млрд теңге қарастырылды. Бүгінде шаруалар жалпы сомасы 1,6 млрд теңге болатын 50 несиеге өтініш беріп үлгерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу