Доллар бірден 5 теңгеге қымбаттады

476

Доллар бірден 5 теңгеге қымбаттады. Ұлттық банктің бүгінгі ресми бағамы бойынша, көкқағаз 445 теңге 98 тиынға бағаланды. Алматының айырбас бекеттерінде 457 теңгеге дейін саудаланып жатыр. 

Доллар бірден 5 теңгеге қымбаттады Фото: Google

Наурыздың басында Ұлттық қордан алынған 750-850 млн доллар  биржа арқылы теңгеге айырбасталды. Бұл ай сайынғы орташа сатылымнан әлдеқайда жоғары. Сол себепті теңгеге сұраныс артып, 430-ға дейін күшейіп, төл валютамыздың мәртебесі бір көтеріліп қалған еді. Бұны Ұлттық банк "ауызша" интервенция деп атады. Алайда, орталық банк өкілдері трансферттер арқылы теңгеге ықпал етуді мақсат тұтқан жоқпыз,- деп отыр.   

"Теңге бағамына әсер ету немесе нарық қатысушыларына белгі беру деген мақсат болған жоқ. Еркін бағамы аясында ашықтық үшін сату болжамын  жариялап отыру маңызды. Алайда, теңге бағамы тек ұсыныспен ғана емес, сұраныспен де айқындалады. Ұлттық қордан конвертацияланған қаражат бюджетке аударылып, экономикаға жіберіледі. Оның бір бөлігі импортты қаржыландыруға жұмсалады", дейді ҚР ҰБ Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.

Ұлттық банк өкілі атап өткендей, теңгенің күшеюі түптеп келгенде импортты арзандатуы мүмкін. Десе де, тәуелсіз сарапшылар мұнымен келіспейді. Себебі, импорттаушылардың әкелетін тауары арзандағанымен,  жергілікті шығындары азаймайды.   

"Бұл жағдайда тауарды доллармен таситын импорттаушылар ұтуы мүмкін. Бірақ олар бағаларын түсіруге қаншалықты ниетті? Мәселе осында. Доллар көтерілген кезде бағалардың бәрі өсті. Коммуналдық қызметтер, жалдау ақысы, салық, қызметкерлердің жалақысын көтеруге тура келді. Міне осындай шығындары өскен кәсіпкерлер енді бағаны қайтып түсірмейді. Сол себепті теңге күшейсе де, бағалар енді түспейді", дейді Экономист Арман Бейсембаев.

Сарапшылардың болжауынша, келесі айда 439 теңге көлемінде құнын сақтай алса, екінші жарты жылдықта таблодан доллардың 470 теңгеге дейін көтерілгенін көрерміз. Сонда орташа алғанда Үкіметтің бюджетке жоспарлаған доллар бағамы шығады. Оның үстіне АҚШ-тың федералды қор жүйесінің ставканы көтеру туралы жоспары доллардың барлық валютаға шаққандағы құнын өсіріп, теңгеге қысым жасауы әбден мүмкін. Сол себепті, 445 әзірге шарықтау шегі емес. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу