Долларсыздандырудың басталуы: Қытай америкалық валютадан бас тартып жатыр

169

2024 жылғы наурыз айындағы жағдай бойынша Қытай төлемдерінің жартысынан астамы (52,9%) юаньмен, ал 42,8%-ы АҚШ долларымен жасалды.

Долларсыздандырудың басталуы: Қытай америкалық валютадан бас тартып жатыр Фото: Pixabay.com

2010 жылдан бастап Қытайдың трансшекаралық төлемдерінің дені көптеген басқа елдер тәрізді доллармен (USD) жүзеге асырылды. Бірақ та, бұл үрдіс 2023 жылдың бірінші тоқсанында өзгеріске ұшырады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Hinrich Foundation қорының деректеріне негізделген Visual Capitalist талдауына сүйенсек, Қытай юані мемлекет ішіндегі және одан тыс жерлердегі төлемдерде танымалдыққа ие бола бастады.

Бұл талдау Bloomberg-тің 2010 жылдан 2024 жылға дейінгі қытайлық төлемдер мен түсімдердің юань, доллар және басқа валюталардағы үлесіне қатысты мәліметтерге негізделген. 2010 жылдың алғашқы айларында жергілікті валютадағы есеп айырысулар Қытайдың трансшекаралық төлемдерінің 1,0%-дан азын құраса, ал долларда есеп айырысулар 83,0%-ға жуықтады. Қытай бұл алшақтықты жойды және 2023 жылдың наурызында юаньдағы есеп айырысу үлесі бірінші рет доллардан асып түсті.

Сол уақыттан бастап Қытайдың халықаралық есеп айырысуында долларсыздандыру үдерісі жалғасып келеді. 2024 жылдың наурызындағы жағдай бойынша Қытай төлемдерінің жартысынан астамы (52,9%) юаньмен, ал 42,8% доллармен жасалды. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе артық. Goldman Sachs дерегінше, шетелдік серіктестердің юаньмен ұсынылған активтермен сауда жасауға дайын болуы Қытай валютасына қолайлы жағдай жасап, долларсыздандыруға айтарлықтай әсер етті. Бұдан бөлек өткен жылдың басында Бразилия және Аргентина сауда есеп айырысуында юаньға рұқсат бере бастайтынын жариялады. 

Валюталық операциялардағы ең танымал валюталар

Халықаралық есеп айырысу банкінің талдауына сүйенсек, әлемдік деңгейде 2022 жылы доллар валюталық есеп айырысудағы ең көп қолданылатын валюта болды. Еуро мен жапон иені үздік үштік қатарынан табылды. 

Дереккөз: Халықаралық есеп айырысу банкінің орталық банктеріне үш жылдық шолу (2022). Әр мәмілеге екі валюта қатысады, сондықтан да жеке валюталардың пайыздық үлесі 100%-дың орнына 200%-ды құрап отыр.

Юань валюталық операцияларда салыстырмалы деңгейде аз үлеске ие болғанына қарамастан, соңғы онжылдықта ең көп өсімге ие болды. Осы тұста еуро мен жапон иенін пайдалану азайды.

Долларсыздандырудың болашағы

Егер де юаньның жаһандық өсімі жалғасатын болса, онда доллардың халықаралық саудадағы үстемдігі уақыт өте азаюы мүмкін. Доллар үстемдігі азаюының әсері күрделі әрі белгісіз болуы мүмкін, оның қатарында АҚШ-тың қаржы активтерінің әлсіз кірістілігі, батыс санкциялар күшінің төмендеуі бар.

Десек те, жаһандық экономиканың толық долларсыздандырылуы таяу болашақта екіталай. Юаньның елден тыс қолжетімді болуын шектейтін Қытайдағы капиталды қатаң бақылау, Қытайдың экономикалық өсімінің баяулауы бұл үдерісті тежейтін негізгі факторлар болып саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу