АҚШ президенті Дональд Трамп Чикаго, Лос-Анджелес және Портленд қалаларынан Ұлттық гвардия шығарылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз Ұлттық гвардияны Чикаго, Лос-Анджелес және Портленд қалаларынан шығарамыз. Патриоттардың арқасында аталған қалалардағы қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді", – деп жазды Ақ үй басшысы.
BBC агенттігінің жазуынша, үш қала мен тиісті штаттардың билігін демократтар бақылайды. Олар Трамп әкімшілігі өзінің федералдық өкілеттігін асыра пайдаланды деп отыр. АҚШ президенті Ұлттық гвардия мегаполистерге қылмыспен күрес, федералдық меншік пен қызметкерлерді қорғау үшін қажетті болғанын алға тартты. Оның айтуынша, аталған қалаларда қылмыс деңгейі өсетін болса, әскери күштер қайта оралуы мүмкін.
Соңғы айларда Дональд Трамп әскерді Мемфис, Нью-Орлеан және Вашингтон қалаларына да жіберген болатын. Алайда Ақ үй басшысының жазбасында олардың аты аталмады.
Өткен аптада АҚШ Жоғарғы соты Трампқа Иллинойс штаты үкіметінің келісімінсіз Чикагода әскер қолдануға рұқсат берілмейтінін хабарлады.