АҚШ президенті Дональд Трамп Газа секторын қалпына келтіруді басқаруға тиіс "Бейбітшілік кеңесі" құрылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Бейбітшілік кеңесі" – Трамптың анклавтағы бейбітшілік жоспарының бір бөлігі. АҚШ президенті бұл құрылымды өзі басқармақ.
"Мен үшін бейбітшілік кеңесінің құрылғанын жариялау – зор мәртебе. Кеңестің құрамын жақын арада жариялаймыз. Десек те, бұл кез келген уақытта әрі кез келген жерде құрылған ең ұлы әрі ең беделді кеңес болатынын сеніммен айта аламын", – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.
Бұған дейін Газа секторын басқаратын 15 адамнан тұратын палестиналық технократиялық әкімшіліктің пайда болғаны белгілі болды. Көп ұзамай жаңа кеңестің құрылғаны туралы ақпарат шықты. "Бейбітшілік кеңесі" технократиялық әкімшіліктің жұмысын бақылайтын болады.
"Бейбітшілік кеңесінің төрағасы ретінде мен жаңадан құрылған палестиналық технократиялық үкіметті қолдаймын", – деп атап өтті Трамп.
The Telegraph газеті "Бейбітшілік кеңесінің" құрамына Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Сауд Арабиясы, Қатар, Мысыр және Түркия өкілдері енуі мүмкін екенін жазды.
Айта кету керек, бұған дейін Газа халқы бейбіт өмірге бір қадам жақындай түскенін жазғанбыз.