Дональд Трамп Мексикамен арадағы қабырғаны қара түске бояп тастауды бұйырды

517

АҚШ билігі Мексикамен арадағы шекара қабырғасын қара түске бояуды бастап кетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Дональд Трамп Мексикамен арадағы қабырғаны қара түске бояп тастауды бұйырды Фото: wikipedia.org

Бұл бастама Президент Дональд Трамптың жеке тапсырмасы бойынша іске асуда.

Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің айтуынша, шекарадағы барлық металл конструкциялар толығымен қара түске сырланады.

Кристи Ноэм сейсенбі күні Нью-Мексико штатындағы Santa Teresa қаласында шекара бекетіне арнайы сапармен барып, бояу жұмыстарын ресми түрде бастап берді.

Оның сөзінше, бұл шешім бірнеше мақсатты көздейді.

"Қара түс металлды күн астында қатты қыздырады. Бұл мигранттардың қабырғаны өрмелеп өтуін қиындатады. Сонымен қатар, бояу конструкцияны тот басудан да қорғайды", – деді министр журналистерге берген мәлімдемесінде.

Бояу жұмыстары АҚШ-Мексика шекарасының барлық ұзындығы бойынша жүргізіледі. Бұл – соңғы жылдары тоқтап қалған қабырға құрылысын қайта жандандыру әрекетінің бір бөлігі.

Жоба аясында:

  • шекара бойындағы бар металл қабырғалар күшейтіледі;
  • жаңа учаскелерде құрылыс жалғасады;
  • инфрақұрылымдық нысандар (бақылау мұнаралары, жарық, сенсорлар) орнатылады.

АҚШ Шекара қызметінің басшысы Майк Бэнкс те бұл шараны қолдайтынын мәлімдеді.

Ол қабырғаның температурасы кей күндері 70°C-қа дейін қызатынын айтып, бұл жағдайда оны қолмен немесе арнайы құралмен де өрмелеу мүмкін еместігін жеткізді.

Дегенмен, бұл шешімге қарсы пікір айтушылар да табылды. Кейбір құқық қорғау ұйымдары мен сарапшылар мұндай тәсілдердің шекарадағы заңсыз көші-қон мәселесін түбегейлі шешпейтінін, ал қаржылық шығыны тым жоғары екенін алға тартады. Ал Дональд Трамп жақтастары бұл әдісті "қарапайым әрі тиімді физикалық тосқауыл" деп сипаттап отыр.

Қабырғаның қайта боялуы мен құрылысын жалғастыру "One Big Beautiful Bill" атты федералды заң жобасы аясында жүзеге аспақ. Бұл бастама шекара қауіпсіздігін күшейту мақсатында бірнеше миллиард доллар қаржыны қамтиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу