banner

ДСМ-ге травматология орталығының жаңа ғимаратын салуды тездету тапсырылды

496

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов хабарлады.

ДСМ-ге травматология орталығының жаңа ғимаратын салуды тездету тапсырылды Фото: primeminister.kz

Тиісті ақпаратты ол Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына берген жауабында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Қазақстанда жарақаттанудың өсу үрдісі, травматикалық зақымдануды диагностикалау және емдеудің заманауи әдістерін әзірлеу, оны тәжірибеге енгізу қажеттілігі, жоғары білікті мамандарды дайындау ҰҒТОО жаңа ғимаратын салу қажеттілігін көрсетті. Бүгінгі таңда ҰҒТОО базасында 385 төсек-орны бар 14 клиникалық бөлімше жұмыс істейді, 3 (буындарды эндопротездеу, артроскопия және спорттық жарақат, омыртқа патологиясы) республикалық орталық ашылды", - деп жазды Алтай Көлгінов.

Премьер-Министр орынбасарының сөзінше, ҰҒТОО ғимаратының жалпы ауданы – 24356 шаршы метр. Ғимарат 1971 жылы бой көтерген, қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық стандарттар мен талаптарға сәйкес келмейді.

"Бүгінде денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, нысанды салуға жер учаскесін бөлу мәселесін пысықтап жатыр. Себебі бұрын бөлінген жер учаскесі (Мәңгілік Ел және Н.Тесла көшелерінің қиылысы) Астананың "жасыл белдеу" аймағында орналасқандықтан, мұнда объектіні салу мүмкін емес. Елорда әкімдігі ҰҒТОО жаңа ғимаратын салу бойынша 5 жер учаскесін ұсынды", - деді.

Алтай Көлгіновтің айтуынша, ұсынылған жер телімдерінде инженерлік коммуникациялар жоқ. Бұдан бөлек жер учаскелерінің орналасу аймағы, алаңдардың жеткіліксіздігі бойынша мәселелер де бар. Бұл болашақта жобаны жүзеге асыруға қиындық туғызады.

"Жер учаскесі анықталғаннан кейін, заңнамада белгіленген тәртіппен 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру аясында осы мәселені одан әрі қарау үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптама жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігіне қаржы, ұлттық экономика министрліктерімен және елорда әкімдігімен бірлесіп, академик Н.Ж.Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығының жаңа ғимаратын салу бойынша жұмысты жеделдету тапсырылды", - деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу