ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясында Балық аулау субсидиялары туралы жаңа келісім қабылданды

552

Президент Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановты қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясында Балық аулау субсидиялары туралы жаңа келісім қабылданды

Мемлекет басшысына Қазақстанның ДСҰ-ға мүше елдер министрлерінің 12-конференциясына төрағалығының қорытындысы туралы баяндалды. Жиын барысында маңызды шешімдер қабылданған.

Атап айтқанда, ДСҰ-ны реформалау үдерісін бастауға және 20 жылдан астам уақытқа созылған Балық аулау субсидиялары туралы жаңа келісімді қабылдауға қол жеткізілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің сыртқы сауданы дамыту және экономикалық интеграция аясында ұлттық мүддені қорғау жұмыстарының нәтижесі ұсынылды.  

Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі биылғы 4 айдың ішінде шикізаттық емес тауарлар экспорты былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 33,9 пайызға артып, 5,6 миллиард доллардан 7,5 миллиард долларға дейін өскенін мәлімдеді. Қызмет көрсету экспорты 5,8 миллиард долларға жеткен. 

Мемлекет басшысына трансшекаралық хабтарды және сауда-логистикалық инфрақұрылымды өркендету, соның ішінде "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізі мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойымен дамыту жөніндегі жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берілді. 

Бақыт Сұлтанов Үкіметтің негізгі азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспардың жүзеге асырылуы 2024 жылға қарай импортқа тәуелді негізгі тауарлар бойынша халықты жүз пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Президент сыртқы сауда қызметін жандандыру және шетел нарығындағы Қазақстан өнімдерін ілгерілету жөнінде тапсырма берді. Мемлекет басшысы ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін негізгі азық-түлік тауарлары экспортын реттеу қажет екеніне баса мән берді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу