Басқосуда "Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асырудың келесі кезеңдері мен тікелей шетелдік инвестицияларды тартуда банктің атқаратын рөлі талқыланды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Келіссөздер барысында Дүниежүзілік банк өкілдері қолжетімді несиелеу құралдарын, қаржыландыру шарттары мен пайыздық мөлшерлемелерін ұсынды. Ал "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингі" АҚ мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2029 жылға дейін негізгі секторлар бойынша жобалар пулын жасақтап жатыр. Дайындалған тізім кейін жан-жақты талдау мен келісу үшін Дүниежүзілік банкке жолданады.
Сондай-ақ тараптар сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
– Еліміздегі бірқатар ірі су арналарында кешенді талдау жүргізіліп, Сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін жетілдіру жөніндегі жол картасы әзірленді. Дүниежүзілік банктің қаражаты гидравликалық жүйелерді орнатуға, су арналарын автоматтандыру мен цифрландыруға бағытталмақ. Алғашқы жобалар Астана, Ақтау, Петропавл, Талдықорған, Сарыағаш, Текелі және Қосшы қалаларында жүзеге асырылады, – делінген хабарламада.
Келешекте мелиорация жүйелерін, сондай-ақ жылу және энергетикалық желілерді жаңғырту бойынша тағы екі жол картасын әзірлеу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Қанат Бозымбаев еліміздің стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарын жаңғыртуға белсенді қолдау көрсеткені үшін Дүниежүзілік банк тобына алғыс білдірді.