Оның сөзінше, жастарға діннің шынайы мәнін, оның адамгершілікке, мейірімділікке, бейбітшілікке үндейтінін дұрыс түсіндіру өте маңызды саналады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қызылорда облысы дін істері басқармасы "Дін мәселелерін зерттеу орталығының" теолог маманы біздің бірқатар сұрағымызға да жауап қатты.
– Жастарды жат идеологиядан құтқарудың ең төте жолында отбасының рөлі ерекше. Егер бала өз сұрағына үйден жауап таба алмаса, оны сырттан іздей бастайтыны бесенеден белгілі. Осы ретте білім беру ұйымдарында жастардың сыни ойлау қабілетін дамыту, ақпаратты сараптай білу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Жастар кез келген ақпаратты бірден қабылдай салмай, оның шынайылығын тексере алатындай деңгейде болуы керек.
Тағы бір маңызды мәселе – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Спорт, өнер, білім, қоғамдық жұмыстар сияқты пайдалы істерге тартылған жасөспірімнің санасы бос болмайды. Ал бос уақыт көп болған сайын адам әртүрлі күмәнді ақпараттарға да оңай тап болары анық.
Жасөспірімдерді радикалды идеологиядан қорғаудың ең тиімді жолының бірі – дұрыс діни сауат қалыптастыру. Дін туралы үстірт немесе қате түсінік көбіне адасудың басты себептерінің бірі болады. Сондықтан, жастарға діннің шынайы мәнін, оның адамгершілікке, мейірімділікке, бейбітшілікке үндейтінін дұрыс түсіндіру өте маңызды. Дін ешқашан зорлық-зомбылыққа, қоғамға іріткі салуға, нақақ жазықсыз адамның қанын төгуге шақырмайтынын жас ұрпақ санасына сіңіру қажет, – дейді Бақберген Сәрсенбайұлы.
Қызылорда облысының дін істер басқармасы – өңірдегі діни қызмет саласындағы функцияларды жүзеге асыруға уәкілетті мемлекеттік орган. Мекеме діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бағытында жалпы профилактикалық, адрестік-оңалту жұмыстарды және интернеттегі қарсы насихаттық іс-шараларды жүзеге асырады.
– Өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің қатысуымен облыс тұрғындарымен жұмыстар кешенді түрде жүргізіледі. 2025 жылы 105 ақпараттық-түсіндіру тобы мүшесінің қатысуымен облыс көлемінде 10 мыңнан аса іс-шара өткізіліп, оған 90 мыңнан астам адам қамтылды. Оның ішінде 26801 адамды қамтыған 5359 іс-шара тәуекел топтармен өткізілді.
Облыс тұрғындары арасында діни экстремизм және терроризмге қарсы иммунитетті қалыптастыру баспа құралдары мен интернет кеңістігі арқылы белсенді жүргізіледі. Былтыр қарсы насихаттық бағытта жалпы 14 мыңдай материал жарияланды. Оның 12 654-і әлеуметтік желі парақшаларында, 678-і газет-журналдарға басылса, интернет сайттарға 636 материал орналастырылған, – деді басқарманың бас маманы Гүлсім Айтмаханқызы.
Басқарма өңірдегі діни ахуалға, сонымен қатар интернет кеңістігіне тұрақты түрде мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Өңірде заңсыз уағыз айту іс-әрекеттері мен діни жиналыстарды өткізу жағдайларын болдырмау, алдын алу бағытындағы жұмыстар аймақтағы құзырлы органдармен бақылауға алынған. Заңсыз баспа өнімдерін сатудың және оны таратудың жолын кесу мақсатында облыстық дін істері басқармасы облыстық полиция департаментімен бірлесіп, сауда орындары мен дүңгіршектерде, демалыс орындарында рейдтік жұмыстарды жүргізеді. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің" 490-бабының 1-бөлігінің 3-тармағы бойынша 10 құқық бұзушылық анықталса, 3-бөлігі бойынша 3 құқық бұзушылық тіркелді.
Интернет кеңістігіндегі мониторинг жұмыстары нәтижесінде 2025 жылы "Вконтакте" әлеуметтік желісінде радикалды идеология материалдарын таратқан 13 парақша ҚР МАМ Дін істері комитетінің дінтану сараптамасына жолданып, сараптама қорытындысымен ҚР ӘҚБтК 453-бабы бойынша 5 парақша иесіне айыппұл салынған.
Мониторинг жұмыстары барысында радикалды идеяларға қызығушылық танытқан кәмелеттік жасқа толмаған балалардың да әлеуметтік желілердегі белсенділігі артқаны байқалды. 2025 жылы радикалды мазмұндағы материалдарды қарап, пікір білдірген, бөліскен кәмелеттік жасқа толмаған 3 оқушы анықталса, 2026 жылғы І тоқсанда осындай көзқарастағы 2 жасөспірім байқалды. Құқық қорғау органдары оқушылардың кәмелет жасына толмағандығын ескеріп, ата-аналарына ҚР ӘҚБтК 127-бабына сәйкес айыппұл тағайындаумен немесе ескерту берумен шектелуде. Дегенмен, бұл жағдайлар қайталанса, ата-аналарды да, балаларды да қатаң жаза күтіп тұр.