Мәртебелі мейман Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің шақыруымен Қазақстанға алғаш рет келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол Astana Hub-тың қолдауымен өтетін және AI мамандары, әзірлеушілер, стартаптар, зерттеушілер мен технология өнеркәсібі өкілдерінің басын қосатын жасанды интеллект саласындағы іс-шаралар легінде төбе көрсетеді.
"Қазіргі уақытта елдердің бәсекеге қабілеттілігі тек технологияларды пайдаланумен ғана емес, өз шешімдерін жасап, әлемдік деңгейдегі мамандарды даярлау қабілетімен өлшенеді. Біз Қазақстанды Орталық Еуразиядағы AI-таланттардың тартылыс орталығына – озық идеялар сараптамалық қолдау тауып, мықты серіктестіктер құрылатын және жаһандық нарыққа шығуға жол ашылатын мекенге айналдыруды көздеп отырмыз. Дженсен сынды индустрия көшбасшыларымен пікір алмасу жас әзірлеушілерге ашылып жатқан мүмкіндіктердің ауқымын ұғынуға және технологиялық амбицияларын нақты өнімге айналдыруға зор серпін береді", – деді Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
"AI Month" шарасы 23 қыркүйек күні әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі саналатын HackAlem AI байқауымен басталады. Онда қатысушылар өздерінің AI-шешімдерін жасап, тестілеу үшін NVIDIA-ның технологиялық ресурстарын пайдалана алады.
Сонымен қатар, "AI Month" бағдарламасыда Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы жоспарланған. Оған 1 қазан күні NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. Ал 2-3 қазан аралығында "AI & Digital Bridge 2026" халықаралық технологиялық форумы және жасанды интеллект пен цифрлық технологияларға арналған өзге де бірқатар іс-шаралар өтеді.
Ал "AI Month" шарасы жасанды интеллектінің келешегін және Орталық Еуразияның технологиялық бағыт-бағдарын айқындаудағы Қазақстанның рөлін талқылайтын халықаралық диалогтың басты алаңдарының біріне айналмақ.