Еуразиялық экономикалық Одақ аясында электронды саудаға бірығай салық жүйесі енгізілетін болады. Оның тұжырымдамасын Еуразиялық экономикалық комиссия әзірлейді. Бұл туралы аталған комиссияның қаржылық саясат департаментінің өкілі Яна Макарова мәлімдеді. Оның айтуынша, бірыңғай салық жүйесін енгізу бастамасы мүше мемлекеттер тарапынан түскен шағымдардан соң қолға алынған. Себебі, Еуразиялық экономикалық Одақ елдері сандық экономикаға көшкелі интернет саудасында салық төлеуден жалтаратындар не болмаса бір операция үшін қосарланған салық төлеу секілді фактілер жиілеген.
Яна Макарова, ЕЭК қаржылық саясат департаментінің өкілі:
"Осы көктемде Одақ аясында бірыңғай салық жүйесінің тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Жоспар бойынша олар жаз бойы жұмыс істеуі тиіс. Алайда, бізге тағы да бір жұмыс тобын құру қажеттігі туындап отыр. Жаңа құрам Одақ шеңберінде қосарланған салықты болдырмау оның ішінде электронды саудаға салынатын салықты біріздендірумен айналысатын болады."