"Аграрлық несие корпорациясы" сақтандыру компаниялары топырақ ылғалы тапшылығынан дақылдарды сақтандыру бойынша алғашқы төлем жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өнімдер егін еккен кезде топырақтағы ылғал тапшылығына негізделген тәуекелді қамтиды.
– Биыл топырақтағы ылғал тапшылығын индекстік сақтандыру өнімі бойынша (2 және 3 фазалы) 107 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 307 мың гектарға жуық дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдардың егіс алқаптарын сақтандырды. Космомониторинг деректеріне сәйкес, сақтандыру кезеңінде 3 өңірдің: Ақтөбе, Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарының аумағында 14 мың гектар аумақта топырақтың орташа, едәуір және қатты құрғақшылығы тіркелді, – деп хабарлады Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі.
Сақтандыру жағдайының туындауына байланысты сақтандыру компаниялары шарт талаптарына сәйкес 1 фаза бойынша 55 млн теңгенің сақтандыру төлемдерін жасаған.
– Бірінші фаза бойынша дәнді және бұршақты дақылдар үшін сақтандыру кезеңі 15 мамырдан 14 маусымға дейін, екінші фаза бойынша – 15 маусымнан 14 шілдеге дейін және үшінші фаза бойынша – 2025 жылғы 15 шілдеден 15 тамызға дейін созылады, – делінген ақпаратта.
Айта кетейік, сақтандыруға өтінім беруден бастап төлемін алуға дейінгі барлық процесс Kezekte.kz платформасында орналастырылған Qalqan онлайн сақтандыру сервисінде жүзеге асырылады. Бұл жүйе арқылы жұмыс істеу үшін фермерлерде электронды цифрлы қолтаңба болуы қажет.