Егіндікөлдегі ауыз су мәселесі қашан толық шешімін табады? - министр жауабы

235

67 шақырым авариялық учаскенің 47 шақырымы ауыстырылды. 

Егіндікөлдегі ауыз су мәселесі қашан толық шешімін табады? - министр жауабы Фото: freepik

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ ауылдарды ауыз сумен қамту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

“Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Абай облыстарының ауылдарында ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші ел бойынша орташа деңгейден төмен екенін бұрын да айтқанбыз. Бүкіл елді айтпай-ақ, мына Астананың маңайындағы ауыл аймақтың тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінен зардап шегіп отыр. Мысалы, Аршалы ауданы Жібек жолы, Целиноград ауданы Қараөткел ауылдарының ауыз сумен қамтылуы тек 40%-ды ғана құрайды. Егіндікөл және Талапкер ауылдарында осы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де өзекті. Себебі, сумен жабдықтау желілерінің 15-тен 40%-ға дейін тозығы жеткен”, - деді депутат.

Үнзила Шапақтың айтуынша, аталған ауылдар ауыз суды Астанадан тасуға мәжбүр. Мәжіліс депутаты Жібек жолы, Қараөткел, Егіндікөл, Талапкер ауылдарын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, Аршалы ауданы Жібек жолы ауылының ішіндегі желілер түгел қамтамасыз етіліп жатыр.

“Орталықтандырылған суды Целиноград ауданы Қараөткел ауылы 40%-ға қамтамасыз етілуде. Қазіргі таңда, ауылдар бойынша республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. 2024 жылдың соңына дейін 100%-ға қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Талапкер ауылы бойынша ауылдың ішіндегі желілердің бәрі қамтылып отыр. Енді су ресурстары министрлігі арқылы Кенжебай-Рақымжансай топтық су құбырынан жүзеге асырылады. Егіндікөлге келсек, 4 жобаны жүзеге асыру жоспарланған”, - деп хабарлады ведомство.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, биыл Қажымұқан, Талапкер елді мекендері бойынша жұмыстар басталған.

“Су топтық құбырын жөндеу үшін 500 мон теңге қаражат бөлініп, мердігер анықталды. Келесі жылға қосымша 4 млрд теңге қарастырылды және аяқтау үшін 5 млрд теңге. Сонда 2025 жылы сол топтық су құбырларын толық бітіреміз. Егіндікөлге байланысты жобалық-сметалық құжаттарды біздің тарапымыздан аяқтап, мемлекеттік сараптаманы алдық. 9 млрд 700 млн теңге, биыл төтенше жағдай қорынан 3 млрд теңге бөлінді. Оған екінші кезең жұмыстары бар. 67 шақырым авариялық учаскелерді жүйені ауыстыру жұмыстарын бастап кеттік. Бүгінде 47 шақырымы ауыстырылды”, - деді министр.

Айта кету керек, осыған дейін депутат трансшекаралық өзендер мәселесін көтергенін жазған болатынбыз. Бұдан бөлек, Нұра топтық су құбырының мәселесіне тоқталған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу